
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранға қарсы халықаралық санкцияларды қайта енгізді. Бұған дейін Ресей мен Қытай ұсынған санкцияларды алты айға кейінге қалдыру туралы резолюция қолдау таппады. Бұл шешім Тегеранның 2015 жылғы ядролық келісімдегі міндеттемелерін бұзғаны анықталған соң қабылданды. Санкциялар сенбі түнінен бастап күшіне енді, деп хабарлайды BBC News Русская служба.
Ресей, Қытай, Пәкістан және Алжир ғана резолюцияны қолдады, ал қалған 9 мемлекет қарсы болып, екі ел бас тартты.
Иран санкция механизмін заңсыз деп жариялап, Ұлыбритания, Франция және Германиядағы елшілерін консультацияға шақырды.
Санкциялар құрамына Иранға қару жеткізуді шектеу, уран байыту мен өңдеуге тыйым салу, баллистикалық ракеталарға байланысты іс-әрекеттерді тоқтату, жоғары лауазымды тұлғалардың сапарларын шектеу, активтерін мұздату және ядролық бағдарламаға қатысты кез келген жабдықты жеткізуге тыйым салу кіреді. Сонымен қатар, Иранға ядролық материалдармен байланысты коммерциялық жобаларға қатысуға тыйым салынады.
Иран президенті Масуд Пезешкиан санкциялар енгізілгенімен, ел Дүниежүзілік ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шықпайтынын айтты. Сонымен қатар, Иран мен еуропалық мемлекеттер дипломатиялық жолмен келісімге жетуге тырысуда. АҚШ өкілдері де дипломатиялық диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Спутниктік суреттерге қарағанда, Ирандағы Натанз және Фордо ядролық кешендерінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, кейбір ғимараттар америкалық және израильдік соққылардан кейін қалпына келтірілуде.
В Атырау +4