
Атырау облысында 5 қазан – Ұстаздар күніне орайластырылған «Ұстазыма алғыс!» апталығы бастау алды. Игі дәстүрге айналған бұл шараның алғашқы күнінде ардагер педагогтерге құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табыс етілді.
Іс-шараны облыстық Білім беру басқармасы ұйымдастырды. Басқарма басшысы Марат Әбуов ардагер ұстаздарды арнайы шақырып, олардың еңбегіне ризашылығын білдірді.
– «Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін ұлы тұлға. Біздің әрқайсымыздың өмірімізде ерекше орны бар ұстаздарымыздың берген білімі мен тәрбиесі қызметтік жолымызда бағыт-бағдар болып келеді. Бүгінгі мереке қарсаңында ұстаздарымызға шынайы алғыс айтамыз. Сіздердің еңбектеріңіз әрқашан шәкірттердің жетістігімен бағалана берсін», – деді ол құттықтау сөзінде.
Кездесу барысында педагогикалық еңбек жолында өшпес із қалдырған ұстаздарға жылы лебіздер айтылып, құрмет көрсетілді. Барлығы 13 ардагер ұстаз алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
В Атырау +3 







