Атырау, 26 қараша 06:35
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Газбен қамту мен оған техникалық қызмет көрсетуді бөлуге болмайды

3 845 просмотра

05.09.13 күнгі «Ақ Жайық» газетінің «Екінші мәрте газ шабуылы немесе «ҚазТрансГазАймақ» жаңа борышты қайдан шығарды» мақаласында көтерілген мәселелер қашанда өзекті еді, ал қазір «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің (ТМРА) келісімімен газбен қамтушы ұйымдардан өздерінің тікелей газбен қамту қызметтерінен бөлінбейтін міндеттері – тұтынушылардың газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуді алып тастаған кезде үлкен маңызға ие болып отыр.

                        АЖ АНЫҚТАМАСЫ: Әубекеров Қали Бисембіұлы, 1936 ж.т., Орал ауылшаруашылық техникумын бітірген, Атырау қаласында мұнай базасының, «Водстрой» тресті автобазасының директоры, «Межколхозстрой» трестінің механизация және құрылыс басқармасының бастығы, «Атырау жолдары» АҚ-ның вице-президенті қызметтерін атқарған, қазіргі уақытта «Атырау жолдары» ЖШС бас директорының кеңесшісі, қалалық мәслихаттың бірнеше шақырылымына депутат болып сайланды. Баспасөз бетіне шыққан көптеген сыни мақалалардың авторы.

Техникалық қызмет көрсету тарифын негізгі тарифке қосу – бұл тұтынушылар мен газбен қамтушы ұйымдар үшін ҚР-ның «Газ және газбен қамту туралы» заңының 19-бабының  3 және 5-тармақтарына сәйкес газ тұтынушы жүйелерге техникалық қызмет көрсету бойынша тиімді әдіс. Техникалық қызмет көрсету тарифін негізгі тарифтен алып тастап, 2 жыл алға уақытынан бұрын төлем төлеу – ерте ме, кеш пе, бір бақытсыздық жағдайға әкелетін заңсыздық.

Бұл мәселені «ҚазТрансГазАймақ» ойлап таппағанын айтып кеткен де жөн. Тұтынушылардың газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету ережесі, осы қызмет түрі негізгі тарифке кірсе де, сонау 90-шы жылдардан бері бұзылып келеді. Тіпті апат қызметі шақырғаның үшін ақша талап еткен кездер де болды.

Сонымен қатар, газ жабдықтарына (газ плитасы, қазандықтар, газ крандары, құбыр желілері және т.б.) нормативті техникалық қызмет көрсетуді сақтамау мүліктің бүлінуіне, өртке, жарылысқа, адамдардың ажалына себепші болуы мүмкін. Бірде мен жарылыс болған жерге оқиға болғаннан көп кешікпей бардым. Бұл Көкарнада болған еді. Үй түгелдей өртеніп кетті. Балалардың (6-дан 13 жас аралығындағы бес қыз бен екі ер бала) адамдардың көзінше күлге айналып бара жатқанын көзіммен көрдім. Оларға еш көмек бере алмадық. Үш ересек адам мен бір жасөспірім белгісіз бір құдіреттің арқасында осы тамұқтан аман шыға алды. Күйік зардабынан осылардың екеуі (ішінде өртеніп кеткен үш қыздың аяғы ауыр анасы да бар) Алматы қаласындағы күйік орталығында қайтыс болды, екеуі ІІ топтың мүгедегі болды. Мұның барлығы менің туыстарым.

Жарылыс себептерін тексеру бойынша ресми комиссия құрамына облыстық және қалалық коммуналдық шаруашылықтарды қадағалайтын басшылар, бұл жағдайда бейтарап жақ болып табылмайтын «Атырауоблгаз» ААҚ-тың басшылары кірді.

Сол кезде қалалық мәслихаттың депутаты болған мен де осы жұмысқа актіге қол қою құқығынсыз қатыстым. Біздің тергеу барысында Көкарнада жарылыс болған 1998 жылы облгаз мекемесінде айналыс баллондарының жетіспеушілігіне байланысты халықты газбен қамтамасыз етуде дағдарысты жағдай қалыптасқаны анықталды. Тірі қалған зардап шегушілер құқық қорғау органдарына осы бақытсыз баллонды газ баллондарын заңсыз сатумен айналысатын ауылдасынан алғанын айтты. Ол жерде, бәрінен бұрын, алдымен салқын жерден (қыстың уақыты болатын) жылы орынжайға кіргізілген ақауы бар баллон жарылып, содан кейін өрт шыққан. Сол кезде облыстық мемлекеттік инспекция мен ТЖ техникалық кеңесі отырысының хаттамасында оқиғаның қосалқы себептері көрсетілді: «Атырауоблгаз» АҚ-ның үйішілік газ жабдықтары қызметі (ҮГЖҚ) үйішілік газ жабдықтарына қызмет көрсету режимін сақтамайды, облгаз тарапынан тұрмыста газ қолдану ережелерін сақтауға бақылау жасалмайды. ҮГЖҚ газ жабдықтарына 1995 жылдан бері қызмет көрсетпеген, ал заң бойынша мұны кемінде екі жылда 1 рет жасау керек.

Газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету, техника қауіпсіздігі ережелерін бұзуға байланысты туындаған адамдар өліміне әкеліп соқтырған бақытсыздық жағдайлары әлі де жалғасып отыр. «Қателіктермен жұмыс» мүлдем жүргізілмейді. Қызмет көрсетуші «ҚазТрансГазАймақ» АҚ пен тұтынушылар арасындағы байланыс жоғалған.

ТМРА мен коммуналдық-тұрмыстық, тұрмыстық қызмет көрсету және электрмен қамту монополистері тұлғасындағы жеке бизнес халық пен шағын және орта бизнесті өз қызметтерін қосымша инвестициялық тариф арқылы қаржыландыруға мәжбүрлеуде. Соңғы төрт жылда (2009-2012 ж.ж.) халық пен шағын және орта бизнестің монополистке төлеген мәжбүрлі инвестициялық «қосымша ақылары» 1 триллион 21,9 миллиард теңгені құрады. Бұл ақшалардың қайда кетіп жатқаны нағыз инвестор – халыққа белгісіз.

Табиғи монополия субъектісіне, соның ішінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-қа табиғи монополия субъектілерінің реттелетін қызметтеріне қол жеткізуге қосымша талаптар қоюға немесе тұтынушыларды жәбірлейтін басқа да әрекеттерді жасауға тыйым салынады (ҚР «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заңның 5-бабы). ҚР Конституциясының 15-бабына сәйкес, әр адам және азамат өмір сүруге құқылы. Монополист «ҚазТрансГазАймақ» АҚ газ тұтынушыларын бақытсыздық жағдайлардан қорғау бойынша өз міндеттерінен бас тартып, газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуді негізгі тарифтен кейін қайда және қалай қолданылатыны белгісіз «мәжбүрлі инвестициялық тариф» түріндегі табыстар бабына шығарып тастады. Осы жағдайда бақытсыздық жағдайға жол бермеу қалайша газбен қамтудың басты критериі болып табылады?

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуді (алдын алуды) кестеге сәйкес, абонент кітапшасына сәйкесінше мөр басу арқылы жүзеге асыруы керек.  Отпен ойнамайды.

Қали Әубекеров, Атырау қ.     

16 қыркүйек 2013, 12:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.