
«Тәжірибесіз жұмыс, жоғары табыс, еркін кесте. Бәрі ресми!» – осындай жазбалар күн сайын Telegram-арналарда және әлеуметтік желілердегі жұмыс парақтарында шығып жатады. Алайда бұл тартымды ұсыныстың артында көбіне қылмыстық бизнес тұрады.
Жалдау схемасы қалай жұмыс істейді
Сырт көзге хабарландырулар зиянсыз көрінеді: біреулер курьер іздейді, біреулер логист, сатушы немесе жеткізу менеджері керек дейді. Бірақ шын мәнінде мұның көбі – қылмыстық топтардың айла-шарғысы. Олар «жоғары табысты қосымша жұмыс» деген сылтаумен адамдарды тартып, кейін оларды есірткіні «жасырын орындарға қалдыруға» итермелейді.
Бәрі хабарландырудан басталады: жұмыс берушілер өте жоғары жалақы уәде етеді, ал жұмыс іздеушіге ешқандай қиын талап қойылмайды. Көбіне мұндай жазбалар нағыз HR-хабарландыруға ұқсатып жасалады: логотипі, міндеттердің сипаттамасы, тіпті әлеуметтік пакеті де көрсетіледі.
Талапкер мессенджерге жазып, «сұхбаттан» өтеді. Сол жерде куратор қандай жұмыс екенін ашық айтып береді. Кейде бірден айтпайды: әуелі «сәлемдемені алып, белгілі бір жерге апару» тапсырылады. Ал кейін ол есірткі болып шығады.
Жалдаушымен сұхбат
Мұндай хабарландырудың біріншісін интернеттен еш қиналмай-ақ таптым. Жалдаушы ресейлік нөмірден сөйлесіп, алдымен қайда тұратынымды сұрады. Кейін бірден іске көшіп, күніне 70 мың теңге табыс табасың деп, тіпті өз бизнесін «нарықтағы ең ірі компания» деп жарнамалады.
Екінші жағдайда менен жеке куәлігімді және наркодиспансерден анықтама сұрады. Сөзінше, «қара тізімде жоқтығымды тексеру» үшін керек екен. Өзін Влад деп таныстырған ол «жұмысшылардың көбі нашақор немесе тауарды алып қашып кетеді» деп қынжылысын білдірді. Осы жерден кейін сөйлесуді тоқтаттым.
Үшінші мысалда өзін Мирас деп таныстырған адам мені жасөспірім деп ойлап, бірде-бір рет «есірткі» деген сөзді қолданбады. Бірақ аптасына кемінде 1000 доллар беріп, кадрлық агенттік арқылы «ресми жұмысқа орналастырамын» деп уәде берді.
Жалдаушылар көбіне адамдардың қаржылық қиындықтарын, аңғалдығын, тәжірибесіздігін пайдаланады. Әсіресе жасөспірімдер мен студенттер жеңіл ақша іздеп жүріп, не екенін түсінбестен осындай тұзаққа түсіп қалады.
Есірткі дилер күнделікті төлем, басшысыз жұмыс, қалаған уақытта істей алу, толық анонимдік және қауіпсіздік уәде етеді. Көп адамға бұл керемет шешім сияқты көрінеді. Алайда шындығында өте қауіпті.
Есірткіні таратуға қатысу – ауыр қылмыс. Тіпті адам есірткі барын білмесе де, сот ақтау деп есептемейді. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу») бойынша 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал есірткі сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.
Көбіне тәртіп сақшылары тек «закладчиктерді» ұстайды. Себебі қылмыстық топтар оларды бір мәрте орындаушы ретінде пайдаланады да, өздері тасада қалып қояды.
Қауіпті хабарландыруды қалай тануға болады?
Жалдаушылардың тұзағына ілінбеу үшін мынадай белгілерге назар аудару керек: тәжірибесіз адамдарға тым жоғары жалақы ұсыну; жұмыс мәнін бірден ашып айтпау; тек мессенджер (Telegram, WhatsApp, боттар) арқылы сөйлесу; ресми ресімдеудің болмауы; «логистика», «курьер-жеткізуші», «қолма-қол ақшамен жұмыс», «түнгі ауысым»... сияқты терминдерді қолдану.
Тартымды жарнаманың ар жағында қылмыс әлемі тұрғанын ұмытпаңыз. Әсіресе интернеттен жеңіл ақша іздейтіндер осындай тұзаққа оңай түседі. Сондықтан сақ болыңыз, күмәнді хабарландыруларға жауап бермеңіз және білместік жауапкершіліктен құтқармайтынын есте сақтаңыз
Лев ГУЗИКОВ
В Атырау +3 






