
Атырау облысында 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 920,2 млрд теңгеге жетіп, оның 70%-ы өнеркәсіп саласына бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аймақ басшысының орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен өткен жиында инвестиция көлемін ұлғайту және өңірлік жобалардың орындалуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысы Данияр Орынбасаровтың айтуынша, қаңтар-тамыз айларында тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға азайған.
⁃ Жылыой, Исатай, Мақат және Махамбет аудандарында төмендеу байқалады, ал Атырау қаласы, Индер, Құрманғазы және Қызылқоға аудандарында өсім тіркелді. Аймақтағы инвестицияның 70%-ы өнеркәсіп саласына тиесілі, - деді Д. Орынбасаров.
Жалпыұлттық инвестициялық пул аясында 2025–2029 жылдары өңірде 46 жоба іске асырылып, 5,9 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 22 жоба жүзеге асырылып, 1468 жұмыс орны құрылмақ. Қазірге дейін 7 жоба пайдалануға беріліп, 550 адам жұмыспен қамтылды.
Жиын қорытындысында әкімдіктерге инвестициялық жобаларды жеделдету, айына екі рет штаб отырысын өткізіп, көрсеткіштердің орындалуын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды. Отырыста қала және аудан әкімдері, ірі өнеркәсіп компанияларының өкілдері қатысты.
В Атырау +3