Атырау, 5 желтоқсан 16:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

2025 жылғы уылдырық шашу: Каспий тартылып, балық азаюда

545 рет қаралды
"АЖ" мұрағатынан

2025 жылдың көктемінде Жайық пен Қиғаштың төменгі ағысында 332 миллионнан астам шабақ жиналды. Бұл – былтырғы рекордтан аздау, бірақ 2021 жылғы деңгейден жоғары көрсеткіш.

Табан мен қаракөз көш басында қалды, ал көксерке саны соңғы бес жылда 30 есе көбейді. Ал жайын мен шортан, керісінше, жоғалып барады.

Қай балық көбейді, қайсысы азайды

Ғылыми-өндірістік балық шаруашылығы орталығының деректеріне сүйенсек, табаннан – 169 миллионнан астам, қаракөзден – 122 миллионнан астам шабақ шыққан. Көксерке 2021 жылы небәрі 420 мың болса, биыл 12,7 миллионға жетті. Бірақ жайын мен шортанның жайы мәз емес: Каспийдің таяздануы уылдырық шашатын жерлерін тарылтып жіберген. Сондықтан осы екі түрге екінші жыл қатарынан «нөлдік квота» енгізіліп отыр.

Сирек әрі жойылып бара жатқан түрлер қатарында Каспий жыланбалығы, Еділ майшабағы, Каспий албырты мен ақбалық бар. Ал «кертік» деген түр толық жоғалып кету қаупінде тұр, 2010 жылдан бері аулауға мүлде тыйым салынған. Ғалымдар бұл тізімге енді бекіренің тағы бір түрі – сүйрік балықты да қосуды ұсынып отыр.

Квоталар азайды, балық аулау төмендеді

2025–2026 жылдарға көксерке, сазан және ақмарқаға арналған квота екі есе қысқартылды. Ал жайын мен шортанға – мүлде тыйым салынды. Сонымен бірге Жайық сағасындағы арналарды тереңдету ұсынылды, әйтпесе балықтар уылдырық шашатын жерлерге жете алмай қалады.

Қиғашта жағдай тұрақтырақ болғанымен, мұнда да кемшілік бар: 2024 жылы 2256 тонна қаракөз уылдырық шашуға шықса, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2640 тонна болған. Сондықтан биылғы рұқсат етілген аулау көлемі 30%-ға қысқартылды.

Ғалымдардың айтуынша, Жайық пен Қиғашта балықтардан жаппай ауру немесе мутация байқалмаған. Бірақ негізгі түрлердің биосалмағы қазірдің өзінде сыни деңгейден төмен деп танылған.

Осындай күрделі жағдайда Балық шаруашылығы ғылыми орталығын бұрынғы дипломат Алмат Суюбаев басқаруға келді. Ол 2012–2016 жылдары Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығында кеңесші болған. Балық азайып, Каспий тартылып барады, ал балық шаруашылығын басқаруды консулдықтан келген адамға сеніп тапсырып отырмыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

26 қыркүйек, 17:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.