
Атырауда Хиуаз Доспанова атындағы әуежайдың қасында төрт гектар жерге «Orda Residential Complex» атты тұрғын үй кешені салына бастаған. Атауына қарағанда бұл элиталық кешен болмақ. Бірақ құрылыс жүргізген «Orda Building 2025» компаниясында ешқандай рұқсат құжаттары болмағаны анықталды.
«АЖ» жарияланымынан кейін облыстық мемлекеттік бақылау басқармасы тексеріс жүргізіп, іргетастың заңсыз қаланғанын растады. Нәтижесінде компанияға айыппұл салынып, қағылған қазықтар мен іргетасты бұзу туралы ұйғарым берілді.
Ал жер телімін қала әкімдігі биыл 16 мамырда ресми түрде сатып жіберген. Шын мәнінде, әкімдіктің қолында әуежай қауіпсіздігі үшін арнайы жасалған құжаттар болған. Ол құжаттарда бұл аумақта тұрғын үй салуға болмайтыны анық көрсетілген. Бірақ әкімдік ол талаптарды ескермей, жерді сата салған. Кейін жағдай ушыға бастағанда, «авиациямен келісу біздің міндетіміз емес» деп жауап берген еді.

Жердің қаншаға сатылғаны ресми түрде айтылмады. Дегенмен Самал ықшам ауданында 8 сотық жердің бағасы 17–29 миллион теңге шамасында. Яғни, бұл жердің құны жүздеген миллионнан, тіпті миллиард теңгеге дейін баруы мүмкін.
Егер бұл жағдай БАҚ бетіне шықпағанда, құрылыс жалғаса берер еді. Енді элиталық кешеннің орнына тек бос жер ғана қалады.
Дер кезінде араласқанымыз үшін «айып етпеңіздер».
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +2