Атырау, 5 желтоқсан 17:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Дала мұрасы: жебе ұштарының сырлары

Сурет
410 рет қаралды

Жебе ұштары – Еуразияның көшпелі мәдениетінің археологиялық ескерткіштерінде ең көп кездесетін жәдігерлердің бірі. Өлшемі шағын болғанымен, олар ежелгі халықтардың әскери ісі, технологиясы мен мәдени байланыстары туралы маңызды ақпарат береді. Мұндай жебе ұштарының жинағы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған.

Экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ғалия Назарбекованың айтуынша, неолит дәуірінде олар берік тас-кремнийден жасалған, кейін – сарматтар дәуірінде, Алтын Орда заманы кезінде қола мен темірден дайындалған.

«Ежелгі түріктер жебелерді мақсаты мен ұштарының түріне қарай жіктеген. Екі жүзді немесе ұшы жалпақ жебе «қозыжауырын» деп аталған, оның салатын жарақаты ауыр болады. Үш-бес қырлы ұштары бар сауытты тесуге арналғаны «сауытбұзар» немесе «көбебұзар» деп аталған», – дейді ол. - Сонымен қатар жебенің ұшын жасауға сүйек, мүйіз және ағаш та қолданылған. Мысалы, ат мінген жауды немесе аңға шыққанда нысанаға дәл тигізу үшін түріктер цилиндрлік ағаш ұшы бар жебе пайдаланған. Соғыс кезінде – жалпақ, қызылмен боялған, қауырсын мен мүйізден жасалған ысқырық бекітілген ұшы бар жебе қолданылған. Мұндай жебелер «годоли» деп аталған. Ұшып бара жатып ысқырған дыбыс шығарып, қарсыласын қорқытатын – Алтын Орда жауынгерлерінің тактикасы болған».

Шоқан Уәлиханов жазғандай, қазақ жебелерінің ұштары екі, үш және төрт қырлы болған, олардың суреттерін оның еңбектерінен кездестіруге болады. Екі қырлысы аң аулауға, төрт қырлысы «сауытбұзар» деп аталған.

Археологтар көбіне жебе оқтарын жауынгерлік қорымдардан – қорғандардан, даладағы қоныстар мен ықтимал шайқас орындарынан табады. Олар арқылы тарихи хронологияны, технологиялық деңгейді және ежелгі қауымдардың әскери ұйымын анықтауға болады.

Ортағасырлық жебе ұштары («қозыжауырын»), 1978 жылы Ақтөбе-Лаэти қаласын қазу кезінде табылған.

Жебе ұштары – металлдан жасалған қарапайым зат емес, олар дала империясының ғасырлар бойғы эволюциясын куәландыратын үнсіз айғақтар. Әр дәуірдегі жебе ұштарын салыстыру технология мен тактиканың жаңа сынақтар мен басқа мәдениеттермен байланыстарға қалай бейімделгенін көрсетеді. Сондай-ақ, жеке қолөнер өндірісінен ауқымды және мамандандырылған қаруға өту процесін аңғаруға болады. Бұл көшпелі халықтар тарихында саяси құрылымдардың өсуін, соғыс жүргізу әдістерінің өзгеруін, атты әскер мен қашықтан атылатын қарудың рөлінің артқанын көрсетеді.

Лев ГУЗИКОВ
Суреттер: Рахим ҚОЙЛЫБАЕВ 
және музей архивінен алынған

25 қыркүйек, 14:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.