
Атырау облысындағы «Құрманғазы» шекара өткізу пунктінде шетелдік жүк көліктері ұзақ уақыт бойы кезекте тұр. Куәгерлердің сөзінше, кептелістің ұзындығы үш шақырымға жеткен.
Шетелдік нөмірлі фурлар, негізінен Өзбекстан мен Тәжікстаннан келгендер, сондай-ақ Ақтаудан шыққан көліктер жол жиегінде бірнеше тәулік бойы тұр. Жүргізушілер уақыттарын трассада өткізеді: жеңіл ақауларды жөндейді, киімдерін пластикалық ыдыстарда жуады, канистрдегі суымен жуынып, бірге отырып термостан шай ішеді, домино немесе карта ойнайды.
Жүк тасушылар ұзақ тұру жүктердің сақталуына қауіп төндіріп отырғанын мойындайды.
36 жастағы самарқандтық жүргізуші Шухратжон Абдуллаев:
- Екі тәуліктен бері күтіп тұрмыз. Кабинада ұйықтаймыз, тамақ әзірлеуге мүмкіндік жоқ. Жергілікті тұрғындардан сатып аламыз, бірақ бағалары қаладағыдан жоғары. Менің көлішімдегі көкөністерім бұзылуы мүмкін, егер кезек жылжымаса, бір бөлігін тастауға тура келеді, - дейді.
42 жастағы жүк көлік жүргізушісі Бахтиёр Юлдашев көліктерді өткізу уақытына қатысты ешқандай ресми хабарламаның жоқтығын айтып, «күйзеліс күн сайын артып келеді» деді.
Қазақстан шекара қызметі жағдай қалыпты екенін хабарлады.
- Құжаттар тексеріліп, көліктер кешікпей бақылаудан өтуде, — делінген ведомство хабарламасында.
Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті де бұл ақпаратты растады.
- 24 қыркүйектегі ахуал бойынша «Құрманғазы» өткізу пунктінде Ресейге бет алған 150-дей жүк көлігі кезекте тұрған, 215 көлік тексеруден өтті. Электрондық кезек жүйесі дұрыс жұмыс істеп тұр, барлық жүргізушіге талон берілген. Шекара қызметімен бірге көліктерді тез өткізу шаралары қабылдануда. Жағдай ерекше бақылауда, — деп хабарлады департамент.
Мамандардың пікірінше, кептелістің басты себебі – ресейлік бақылаудың күшейтілуі. Шекарада көліктерді тексеру уақыты ұзарған, қосымша санитарлық және фитосанитарлық талаптар енгізілген.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +2