
Атырау облысында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның жоспарлы отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев төрағалық етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Күн тәртібінде тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жылыту маусымына әзірлігі, жолдарды қысқы күтімге дайындау, өрт сөндіру бекеттерін ашу және азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы қаралды.
Облыстық энергетика басқармасының дерегінше, 406 білім беру ұйымы мен 155 денсаулық сақтау мекемесі толығымен дайын. 1793 көпқабатты тұрғын үйлердің 98%-ы жылу маусымына әзір. Жоспарланған жылу, су және электр желілерін жаңарту жұмыстары орындалды.
Сонымен қатар өңірде 22 өрт сөндіру бекеті бар, жыл соңына дейін тағы төрт бекет іске қосылады. «Қыс-2025» оқу-жаттығуы қараша айына белгіленді.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, облыстық жолдарда жөндеу және қарға қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қысқы күтімге 148 техника, инертті материалдар мен жанар-жағармай қоры дайындалған. Республикалық маңызы бар жолдар бойынша «ҚазАвтоЖол» филиалы да толық дайын екенін мәлімдеді.
ТЖД дерегінше, өткен жылы жылыту маусымында 75 өрт тіркеліп, 5 адам қаза тапқан. Қауіпсіздік мақсатында әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға газ талдағыш пен түтін датчиктері орнатылып жатыр.
Қорытындысында Қайрат Нұртаев жауапты органдарға қысқы маусымға дайындық жұмыстарын уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
В Атырау +2