
Атырауда балабақшалар қызметкерлері тамыз айының жалақыларын ала алмай отыр. Мәселе - мемлекеттік балабақшаларға қатысты. Қалада 171 балабақша болса, соның 47-сі мемлекеттік.
1 шілдеден бастап Атырау қаласындағы барлық балабақша ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшкен. Соның ішінде мемлекеттік балабақшалар қазір өз шығынын жаба алмай қиналып отыр. Мұны қалалық білім бөлімі мамандары жазда балалардың балабақшаға толық қабылданып үлгермеуімен және тәрбиешілердің кезекті еңбек демалысына шыққан уақытымен байланыстырады.
Қалалық білім бөлімі басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, ваучерлік қаржыландыру бала санына байланысты берілетіндіктен, бала саны толық болмаған соң шығындарды жабуға жеткіліксіз болған.
- Балабақшалардың екі ай бойынша берешегі жинақталып, облыстық білім беру басқармасына жолданды. Басқарма бюджет әкімгері болғандықтан аталған мәселені заң шеңберінде шешеді, - дейді ол.
ҚР оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №372 бұйрығына сәйкес, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Атырау қаласында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балабақшаға қабылданған әр бала үшін белгілі бір тариф бекітілген. Қаладағы балабақшаларға әр бала үшін 55 659 теңге төленсе, қала маңындағы ауылдық елді мекендерде – 62 027 теңге. Бұл пилоттық жоба «INDIGO» платформасы арқылы жүзеге асырылады. Онда балаларды балабақшаларға қабылдау және жолдама беру процесі автоматтандырылған.
Мәселен, Қайыршақты ауылдық округіне қарайтын 300 орындық “Шағала” бөбекжай-бақшасына бір айда 220 бала келген. Мекеме тариф бойынша 13 миллион теңгеден астам қаржы алғанымен, “балабақшаның екі айға жалақы берешегі 23 млн теңгені құрап отыр” дейді қалалық білім бөлімі. Бұл сомаға салықтар, коммуналдық шығындар және басқа да төлемдер кірмеген. “Ал жылу маусымы кезінде шығын бұдан да көбейе түседі” дейді білім бөлімі мамандары.
Қазір қаладағы үш балабақша күрделі жөндеуде тұр. Бұл - №28 “Алмагүл” балабақшасы, №37 балабақша, №48 “Родничок” балабақшасы. Балабақшалар жөндеуден өтіп жатқасын балаларды қабылдай алмайды. Бірақ, ғимаратты күзетушілер мен шаруашылық меңгерушісі, директор және оның орынбасарына жалақы қалай төленетіні белгісіз.
Қалалық білім бөлімінің сауалына «Қаржы орталығы»: «Қосымша қаржы бөлу мәселесін жергілікті атқарушы органдары арқылы жергілікті деңгейде шешесіздер”, - деп жауап берген.
Жаз айларында педагогтер кезекті 56 күндік еңбек демалысына шығады. Бұл уақытта демалыс ақысы 56 күнге төленеді. Сонымен қатар, бір айлық сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Яғни, үш айдың жалақы көлемінде қаражат төленеді. Бұл жағдай жаз мезгілінде шығындарды екі есеге арттырады. Қаржыландыруға балалардың сабаққа қатысуы да қосымша әсер етеді: баланың келмегені анықтамалар немесе ата-аналардың өтініштері арқылы расталуы керек. Бала 35 күнге дейін келмесе – ескерту жіберіледі. 40 күннен асса – ваучердің күші жойылады.
Қалалық білім бөлімі ақпараты бойынша, биыл қаладағы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөліміне 10 млрд 754 млн 400 мың қарастырылды.
Шілде айынан бастап тікелей “Қаржы орталығымен” қаржыландырылып отыр. Сол уақытқа дейін 5 млрд 504 млн 305 мың теңге игеріліп, қалған қаражат қаржы орталығына ауыстырылды.
Ал балабақша қызметкерлері “Тамыздың жалақысын ала алмай отырғанда қыркүйектің аяғы жақындап қалды. Оны қашан, қалай төлейді?” деп алаңдайды.
Бұл сұраққа әзірге ресми жауап жоқ.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +2