
Жасанды интеллект өмірімізге еніп жатқан тұста мұнайгаз саласы да оның тиімділігін пайдаланып, ауыр жұмысты жеңілдетуге, аз уақыттың ішінде көп іс тындыруға және адами ресурстарды үнемдеуге көше бастады. Атырауда мұнай-газ саласындағы жасанды интеллектке арналған форумда Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов жасанды интеллектінің мұнайгаз өндірісіндегі маңыздылығына қатысты тоқталып өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллектіні бүгін игермесек, ертең шетелден мамандар келіп, тағы да отандық еңбек нарығын жауламақ деген қауіп бар.

- Неліктен сіз мұнай-газ саласына жасанды интеллектіні енгізуді стратегиялық маңызды бағыт деп атайсыз?
- Қазір әлем жасанды интеллектке бет бұрған шақта Қазақстан да бұл бағыттан шет қалмауы тиіс. Егер біз игермесек, шетелден мамандар келіп, біз қайтадан соларға жұмыс сұрап қаламыз. Бұл — біздің ел үшін қауіпсіздік мәселесі де.
- Атырауда осы тақырыпқа қатысты форум өтті. Оның мақсаты қандай және оған кім қатысты?
- Қазір мемлекет өзінің ЖИ бағдарламасын қалыптастырып жатыр, кәсіпкерлер мәдениетін жасанды интеллектке бейімдеуді қолға алдық. Форумға 100-ден астам компания қатысты. Қатысушылардың 70 пайызы — 25 пен 40 жас аралығындағы жастар. 40-тан асқандар — бизнесін қалыптастырған бақылаушылар. Қалған бөлігі — кәсібін енді бастап жатқан немесе іздеп жүргендер. Олар ЖИ-дің мүмкіндігі зор екенін түсініп отыр. Форумда Алматы мен Астанадан келген өкілдер жасанды интеллектіні қай салада қолданып жатқанын айтты. Біреулер — бухгалтерияда, есеп жүргізуде, өзгелері жүк тасымалдауда қолдана бастады. ЖИ — бұл жай ғана құрал емес, бұл — "ақылды тауар". Жасанды интеллектпен айналысатын компаниялар өздерінің не істеп жатқанын, қандай пайда әкелетінін, болашақта не істеуді жоспарлап отырғанын түсіндірді.
- Форумды Атырауда өткізуге не себеп болды?
- Біріншіден, Қазақстанның мемлекеттік бюджетін 45 пайызға, ал Ұлттық қорды 75 пайызға толтырып отырған – мұнай-газ өндірісі. Екіншіден, 1993 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, экономика "кома" жағдайында болған кезде оны қайта тірілткен — осы мұнай саласы. Қазір мақтанышпен айтып жүрген шетелдік инвесторлардың басым бөлігі дәл осы салада жұмыс істеп жүр. Атырау тек мұнай өндірумен ғана шектелмейді, мұнда мұнай-химия кластері де қарқынды дамып келеді. KPI зауыты салынды, енді үш зауыт іске қосылмақ. Жалпы, жасанды интеллектіні құрылыс компаниялары кеңінен қолдана алмайды, себебі оларға қолмен жұмыс істейтін мамандар - құрылысшылар қажет. Ал өндірісте жасанды интеллекті тиімді пайдалануға болады. Қазір мұнай-газ аймағы саналатын Атырау біртіндеп газ-химия орталығына айналып келеді. Сондықтан жасанды интеллект хабы дәл осы өңірде құрылуы керек деген пікір бар.
- ЖИ енгізу қазақстандық компаниялардың жұмысына әсер етті ме?
- Иә, мысалы, «Ембімұнайгазда» бұрын ұңғымаларды операторлар жаяу жүріп тексеріп, мәліметтерді қолмен жинайтын. Қазір мәліметтер автоматты түрде жиналып, жасанды интеллект көмегімен бірден орталыққа жеткізіледі. Бұл — компанияның ашықтығы үшін тиімді. Қазір кейбір компаниялар жасанды интеллектіні қолдануға көшкен, бірақ бұл барлық компанияға тән емес.
- Осыған байланысты мамандарды жұмыстан қысқарту жағдайлары кездесті ме?
- Әзірге жоқ. Кей жағдайларда ішінара бар, бірақ жаппай қысқарту жүріп жатқан жоқ. Енді мамандарды қайта оқыту мәселесі туындап отыр. Егер жұмыссыз қалғымыз келмесек, жасанды интеллектті басқара алатын білім мен дағдыларды меңгеруіміз қажет.
- Қоғамда ЖИ халықты жұмыссыз қалдырады деген үрей бар. Ол қаншалықты рас?
- Мен олай деп ойламаймын. Цифрландырудың жемісін қазір көріп жатырмыз. Мысалы, электрондық үкімет (Egov) платформасы. Бұрын бір анықтама алу үшін қаншама уақыт кетіп жүйке тозатын. Қазір ұялы телефон арқылы бірер минутта ала аламыз. Немесе күнделікті өмірде қолданылатын Kaspi қосымшасы. Үйден шықпай-ақ төлем жасап, сауда жасаймыз. Цифрландыру келгелі адамдар жұмыссыз қалған жоқ. Жасанды интеллект те дәл солай болады.
- Мұнай-газ саласында жасанды интеллект қандай мамандықтарды алмастырып жатыр?
- Мысалы, ұңғымаларды тексеретін операторлар, химиялық реагенттермен жұмыс істейтін қызметкерлер, ыстық цехтарда ауыр жүк көтеретін жұмысшылар — осындай мамандықтарды ЖИ біртіндеп алмастырып жатыр. Жасанды интеллекттің негізгі үш мақсаты бар: экологияға зиян келтірмеу, адамның денсаулығына қауіп төндірмеу, қаржыны үнемдеп, жұмыс сапасын арттыру.
- Десек те, егер Қазақстан өзінің технологияларын дамыту бойынша артта қалатын болса, бұл неге әкеліп соқтыруы мүмкін?
- Қазір Қытай мен АҚШ тарапынан жасанды интеллект бағытындағы "экспансия" басталып кетті деген пікірлер айтылады. Әркім өз платформасын құрып, соған көше бастады. Егер ертең жасанды интеллектке басқа елдің азаматтары ие болып, оны дамытса, онда еліміздің өндірісі, адам ресурстары, қаржылық мүмкіндіктері туралы ақпарат олардың қолына өтеді. Бұл ұлт тәуелсіздігіне қатысты мәселе.
- Демек, жасанды интеллектінің дамуы технологиялар аясынан әлдеқайда асып кетеді ме?
- Дәл солай. Жасанды интеллектіні өзімізде дамыту — стратегиялық маңызды мәселе. Қазір біз үш кезеңдік даму жолындамыз: жаңа технология, цифрландыру және жасанды интеллект. Егер біз дер кезінде алға қарай бір қадам жасамасақ, жолдан шығып қалуымыз мүмкін.
Әңгімеңізге рахмет.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +2