
Атырауда 26 шақырымдық әуе желісі жаңартылып, қосалқы станциялар заманауи жабдықтармен қамтылды.
Атырау облысында «Атырау Жарық» ЖШС 2024 жылдың шілдесінен 2025 жылдың шілдесіне дейінгі инвестициялық бағдарламасын толық орындады. Бұл бағдарлама ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің және облыстық Энергетика басқармасының келісіміне сәйкес жүзеге асырылды. Бұл туралы компанияның директорының орынбасары Бағытжан Әліпов хабарлады.
Бағдарлама аясында бірнеше маңызды жұмыстар атқарылды:
- Электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесі енгізіліп, оған 2,11 млрд теңге қаражат толық жұмсалды.
- Қосалқы станциялар жаңартылды: №100 қосалқы станцияда заманауи блокты-модульді қондырғылар орнатылып, 10 кВ жабдықтар жаңа үлгіге ауыстырылды. «Қаратон-2» станциясында 35 кВ ашық тарату құрылғылары жаңартылып, майлы ажыратқыштардың орнына вакуумдық ажыратқыштар қойылды.
- «Қаратон-1 – Теңіз-220» бағытындағы 110 кВ әуе желісі толықтай жаңартылып, 26 шақырымдық желіге жаңа мырышталған тіректер орнатылып, өткізгіш сымдардың қимасы ұлғайтылды.
- Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы 0,4–6–10 кВ электр желілері жаңартылды.
- Энергетикалық нысандарды пайдалану мен жөндеуге қажет арнайы техника мен көліктер сатып алынды.
- Энергия тиімділігін арттыру мақсатында кондиционерлер, радиаторлар, жарық шамдары мен прожекторлар орнатылды.
- Электр желілерін бақылау үшін өндірістік дрондар және «Thyraya» спутниктік байланыс жүйесі енгізілді.
Осылайша, инвестициялық бағдарламаның толық орындалуы өңірдің энергетикалық жүйесін тұрақты дамытуға серпін беріп, тұтынушыларға сапалы және сенімді электр энергиясын жеткізуге мүмкіндік тудырды. Жаңартылған жабдықтар мен заманауи технологиялар желілердегі шығындарды азайтып, электрмен жабдықтау сенімділігін арттырды.
В Атырау +2