
Атырау облысында алғаш рет Қылмыстық кодекстің жаңа бабы — сталкинг бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Оқиға 19 қыркүйек күні Құрманғазы ауданына қарасты ауылдардың бірінде болды. Орта жастағы әйелді аңдып, үйінің ауласына кіріп, ашық тұрған терезесінен бақылап тұрған ер адамның видеосы бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Видеода ол іш киімін шешіп, терезеден қарап тұрғаны және аулада жүргені көрінеді. Фото мен видео WhatsApp мессенджерінде тараған.
Бастапқыда күдіктіге ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы — ұсақ бұзақылық бабы бойынша хаттама толтырылып, әкімшілік сот 60 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза қолданды. Бұл айыптаумен келіспеген әйел видеожазба сияқты қосымша дәлелдер келтірген соң, іс қылмыстық кодекстің жаңа 115-1 бабы («Сталкинг») бойынша тіркеліп, тергеу басталды.
Әйелдің туысы «мазасын алды, тыныштығын бұзды» деп бастапқыда әкімшілік іс қозғалғанымен келіспей, әйелді аңдап қана қоймай, жыныс мүшесін ұстап, іш киімін шешіп, терезеден қарап, кетпей бақылағаны сияқты азғындық әрекеттердің ескерілмегеніне қынжылатынын айтты. Ол осы оқиғадан кейін өзіне тағы бірнеше әйелдің сол ер адамның соңына түскенін хабарлағанын жеткізді.
Еске салсақ, биыл 16 қыркүйекте Қазақстанда сталкинг бойынша қылмыстық кодекстің жаңа бабы күшіне енді. Бұл бап бойынша 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу қарастырылған.
Атырауда іс ресми түрде сталкинг бабымен қозғалғанымен, шын мәнінде жағдайдың ауқымы кеңірек. Сталкинг дегеніміз – адамды жүйелі түрде қудалау, оның жеке өміріне заңсыз түрде араласу, қорқыту немесе психологиялық қысым көрсету әрекеттері. Адамның еркіне тыс қайшы онымен байланыс орнатуға, оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын заңсыз қудалау. Бұған қоңыраулар мен хабарламалар, әлеуметтік желілер арқылы қадағалау, аңду, жүріс-тұрысы мен мекен-жайын бақылау, үйіне немесе жұмыс орнына барып, байланысуға мәжбүрлеу, қорқыту мен қоқан-лоқы көрсету кіреді. Ал жыныстық қудалау – әдепсіз, жыныстық сипаттағы қылықтармен байланысты. Құрманғазы ауданындағы оқиғада осы жағдайлар тоғысқан: ер адам тек аңдып қана қоймай, әдепсіз қылықтар көрсеткен. Сондықтан жаңа бап бойынша алғашқы іс «жалаң теориядан» шығып, шынайы тәжірибеге айналды.
Айнұр САПАРОВА
Фото мен видео WhatsApp мессенджерінен келді
В Атырау +2