
Атырау біртіндеп Батыс Қазақстанның әуе хабына айналып келеді. Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежай «Ашық аспан» режимінде жұмыс істеп, қазірдің өзінде Pegasus Airlines секілді шетелдік әуе компанияларын қабылдай бастады.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, әуежайдың дамуы өңір экономикасын нығайтып қана қоймай, мұнайлы астананы Еуропа мен Азияның ең ірі қалаларымен тікелей байланыстырады.
Болжам бойынша, 2030 жылға қарай атыраулық әуежайдың жолаушылар ағыны 2,8 миллион адамға жетіп, ал 2035 жылға қарай 3,2 миллионнан асады.
Жаңа рейстер кезең-кезеңімен ашылады:
- 2024–2025 жылдары: Атырау – Дубай, Атырау – Баку, Атырау – Тбилиси, Атырау – Ташкент, Атырау – Стамбул.
- 2026–2027 жылдары: Сочи, Санкт-Петербург, Варшава, Будапешт, Лондон, Франкфурт, Шарм-эш-Шейх, Джидда, Әбу-Даби, Нью-Дели.
- Әуежайдың дамуы – инфрақұрылымдық стратегияның маңызды бөлігі. Ол көлік қолжетімділігін арттыруға, туризмді және іскерлік белсенділікті дамытуға бағытталған, – деді облыс әкімі.
Осылайша, бірнеше жылдан кейін аймақ тұрғындары ірі іскерлік және туристік орталықтарға тікелей ұшуға мүмкіндік алады, ал Атырау стратегиялық халықаралық әуе тораптарының біріне айналмақ.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +2