
Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінде «Кәсіби маман: білім, тәжірибе және дағды» атты жұмыс берушілермен бірлескен форум өтті. Шара аясында студенттердің тәжірибесін жетілдіруге арналған екі жаңа оқу-өндірістік цехтың – «Темір жонушы» және «Аспаз» шеберханаларының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Темір жонушы» цехы NCOC компаниясының қолдауымен жабдықталып, өндіріс саласында қажетті практикалық білім алуға мүмкіндік береді. Ал заманауи аспаптармен қамтамасыз етілген «Аспаз» цехы студенттердің аспаздық бағыттағы кәсіби дағдыларын дамытуға жағдай жасайды.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Азамат Мәмбетов бұл бастаманың жастарға сапалы біліммен қатар, нақты тәжірибе жинауға жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ демеушілерге ризашылығын білдірді.
– Жастарымыздың кәсіби тұрғыда қалыптасуы үшін мұндай жобалардың маңызы зор. Алдағы уақытта да еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлауды барынша қолдаймыз, – деді ол.
Форум аясында «Еңбек нарығының талаптары және кәсіби маман даярлау» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жұмыс берушілер мен оқу орындары арасында ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Жиын соңында колледж директоры Ізтұрған Таспаев пен жұмыс берушілер өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.
В Атырау +2