
Атырауда «Saraishyq Upgrade — 2025» халықаралық жастар форумы өз жұмысын бастады. Бұл форум дәстүрлі түрде үшінші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биылғы шараға Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан және Өзбекстаннан келген 14 пен 35 жас аралығындағы 300-ден астам жас қатысуда.
Облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов форумның ашылуында сөз сөйлеп, оның жастарға жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті:
– Форум еліміздің креативті индустриясына тың серпін беретініне сенеміз. Бүгінгі жастар тек шикізат пен өндіріс саласында ғана емес, ой-қиялы мен креативті идеялары арқылы да ел экономикасының дамуына үлес қосып келеді. Бұл ортада бас қосқан креаторлар Қазақстанды жаңа деңгейге көтеретініне күмән жоқ. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді ол.
Екі күндік бағдарлама барысында креативті индустриялар, технология және жастар саясаты салаларындағы жетекші сарапшылар семинарлар өткізеді. Қатысушылар кино, музыка, IT және жасанды интеллект, маркетинг, театр мен хореография бағыттарында тәжірибе алмасады.
Сонымен қатар, әр сала бойынша конкурстар ұйымдастырылып, үздік деп танылған алты жас 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақымен марапатталады.
В Атырау +2 





