
Атырау облысында Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ химиясы жобасын — жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысын жүзеге асыру жалғасып жатыр.
Жобаны "ҚазМұнайГаз" қорының портфельдік компаниясы жүргізеді. Зауытты пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.
Бүгінгі таңда пиролиз қондырғысының құрылыс алаңында қада қағу және іргетасын орнату жұмыстары жалғасуда: 15 038 қаданың 9 216-сы қағылды (61%), 1 977 текше метр бетон құю жұмыстары орындалды (2025 жылға арналған жоспар — 5 000 м³). Қазан айында пиролиз қондырғысында инженерлік желілерді монтаждау, қараша айында негізгі эстакадаға арналған құрастырмалы темірбетон конструкцияларын монтаждау іс-шаралары басталады. 2026 жылдың көктемінде пиролиз қондырғысы үшін ұзақ уақыт жасалатын жабдықтың алғашқы легін жеткізу жоспарланған.
Полимерлеу қондырғысы мен жалпы шаруашылық нысандарын салу жөніндегі EPC-мердігерлердің бірі — Tecnimont компаниясымен кездесу барысында жергілікті қамтуды дамыту мәселелері талқыланды.
Жобаның операторы - "Силлено" ЖШС, оның акционерлері "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%) және "СИБУР Холдинг" ПАҚ (30%) болып табылады.
Жаңа зауыт өңірдегі ең ірі мұнай-газ химиясы кешеніне айналады және экономиканы әртараптандыруға, сондай-ақ Қазақстанның полиэтиленнің әлемдік нарығындағы позициясын нығайтуға ықпал етеді.
В Атырау +4