
Жылыой ауданында қаңғыбас иттердің шамадан тыс көбеюі ауыл тұрғындарына зардабын тигізуде. Соның салдарынан қорадағы малға шабуыл жасап, ойран салған жағдайлар тіркелді.
Мәселен, Жем округіне қарасты Тұрғызба ауылында 13 қыркүйек күні түнде жиырмаға жуық қой-ешкіге иттер шабуылдаған. Малдың көбі жараланып, басым бөлігі қырылып қалған. Бір аптадан кейін тағы да үш үйдің қорасына түсіп, малды жарақаттап, тамақтап кеткен. Таңертең өріске шығармақ болған тұрғындар қан-жоса болған малдарын көрген.
- Болған жағдайларға байланысты мал дәрігері мен ит аулаушыларға дереу хабарладық. Иттерді аулау және жою жұмыстарын ЖК "Сагинов" жүргізуде. Жасыратыны жоқ, аулаушылар келгенде кейбір тұрғындар көше кезіп жүретін иттерін байлап, үйлеріне жасырып қояды. Олар кеткесін тағы да еркін жібереді. Бір топ ауыл тұрғындарымен иттерді жоюға көмектесу бағытында жиын өткізілді,-дейді Жем округінің әкімі Нұртас Қуатбаев.
Жыл басынан бері Жылыой ауданында жоспарланған 70 иттің 44-і ауланған. Ит аулау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Тұрғындар алаңдаулы: «Бүгін қой-ешкіні қырып кетті, ал ертең балаға тап бермесіне кім кепіл?» – дейді ауыл халқы.
Ал көрші Махамбет ауданының Бақсай (Таңдай) округінде мұндай жағдайлар тіркелмеген. Округ әкімі Ермұрат Сұлтановтың айтуынша, ауылда жағдай тұрақты, мал шығыны жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +2