Атырау, 5 желтоқсан 18:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

"Болашақтың" болашағы бар ма: Индерборда жаңа ықшамаудан тұрғындары жол мен мектепсіз қалды

Сурет Бейнежазба
277 рет қаралды

Индербор кентіндегі «Болашақ» ықшамауданында бүгінде 2000-ға жуық халық тұрады. Жаңа аудан болғандықтан автомобил және жаяу жүргінші жолы салынбаған, оның үстіне мектеп құрылысы да тоқтап қалған. Миллиард теңгелер игерілгенімен, нәтижесі тұрғындар үшін қолайсыз болып тұр.  

Жол қаржысы сессияға тіреліп тұр

2 млрд 900 млн бағаланған 11,5 шақырым (15 көше) автомобиль және жаяу жүргіншілер жолының құрылысы 2024 жылдың 17 шілдесінде басталған. Тапсырысшысы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобилдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы, ал мердігері алматылық «ҚарасайҚұрылыс» ЖШС. Бірақ бұл жұмысты бас мердігер емес, қосалқы мердігер атқарып жатыр.

Жолдарға шебен толық төселмеген, барының өзі көліктің жиі істен шығуына себепкер болып тұр дейді тұрғындар. Жолдың жайсыздығынан қоғамдық көлік, жедел жәрдемнің келуі қиындап кеткен. Ал жауын-шашында балшықтан аяқ алып жүре алмайды.

- Өткен жылы күзге дейін қара жолды катокпен тырнап-тырнап шаңдатып кетіп қалды. Кейін орнына басқа мердігер келді. Олар бір техникамен келді. Сонда мердігер осы жылдың мамыр айының аяғында жұмысты бастаймыз, биыл бітіріп береміз деп уәде берді. Бірақ жол құрылысының биыл аяқталатынына күмәніміз бар, - дейді Сәлімжан САПАҒҰЛ.

Жұмысты атқарып жатырған «СақҚұырылысСити» ЖШС 7, 5 км жолға шебен төседік, 700 млн теңге игерілді дейді. Қаражат мәселелі созылып, жұмысшыларды қысқартуға тура келген, оның үстіне техника да жалған алынған. Жол қашан төселетіні белгісіз. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобилдер жолдары және тұрғын үй инспекциясындағылар қаржы аудара алмай отырғанын жасырмады. Өйткені қаржы мәселесі облыстық Мәслихаттың сессиясында шешілмекші, ал қашан және қанша қаржы бөлінеді тағы белгісіз.


Мектептің жыры

2 млрд 690 млн теңгеге бағаланған 300 орындық мектеп гимназиясы мен 200 орындық интернат құрылысының жайы да мәз емес. Келісім шарт бойынша мердігер «Нуркапстрой» ЖШС обьектіні 2022 жылдың  29 маусымында бастап, 2024 жылдың 20 желтоқсанында бітіреміз деген міндеттеме алған болатын. Алайда биыл да нысанның аяқталатын түрі көрінбейді. Шатыры толық жабылмаған, терезелері де салынбаған нысан басында тірі жан жоқ, қаңырап тұр. Қарауылшықтан басқа адам жоқ.

-Үш ай болды құрылыстың тұрып қалғанына. Оның үстіне техникалық паспортын өзгертіп тастапты. Енді басталу уақыты 2024 жыл, ал аяқталу күні 2026 жыл деп көрсетіліпті. Кімді кім алдап отыр. Осы ықшамауданда біраз бала бар, оның үстіне көп балалы отбасылар тұратын «Ару Ана» ықшамауданы да көрші тұр. Ал мектептерге бала сыймай жатыр, - дейді тұрғын Елеу ТӘЖІҒАЛИЕВ.

Тапырысшысы облыстық құрылыс басқармасы нысан жұмысының 60 пайызы жасалғанын, жобаның конструктивтік бөлігінде өзерістер болуына байланысты және құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты аталған нысан жобасына түзетулер енгізілгенін мәлімдеді. Ал облыс әкімі С.Шәпкенов «егер жұмысын жүйлелі жүргізбесе, мердігерді өзгкерту қажет» деді.

Болашақтың болашағы бар ма?

Жаңа ықшамаудан "Болашақ" деп аталады, алайда олардың тұрғындарының болашағы бұлыңғыр болып тұр: балалар белуардан балшық кешіп жүр, ата-аналар мектеп бен жол салып бер деп шырылдап жүр, ал шенеунік пен мердігер жауапкершілікті бір-біріне артып әлек. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

23 қыркүйек, 09:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.