
Үш жыл бұрын апатты жағдайда жабылған мектеп-гимназияны билік бұзып, 2027 жылға дейін жаңа мектеп саламыз дейді. Алайда ата-аналар бұған сенбей, орталықтағы жер телімі коммерциялық нысан үшін босатылып жатыр деп күдіктенеді.
Мектептің жағдайы 2018 жылы нашарлай бастады: шатырынан су кетіп, жөндеуге ақыры ақша табылмады. 2021 жылы сарапшылар оны жөндеуге жарамды ғимарат деп танып, шатырды толық ауыстыруды ұсынғанымен, жұмыс жасалмады. 2022 жылы қабырғалары жарылып, едендері шөге бастаған соң мектеп жабылды. Жабылған мектептің оқушылары әр жерге бөлінді: 500-дей бала №19 мектепке, 200-ден астамы Энергетика және құрылыс колледжіне барды, ал 400-ге жуық оқушы «Алаш» жеке мектебінде оқи бастады. 2023 жылы жаңа сараптама ғимаратты апатты әрі қалпына келтіруге жарамсыз деп таныды. Ал биыл балалардың бір бөлігі BINOM жеке мектебіне ауыстырылды.
Шенеуніктер бұл тек уақытша шара екенін айтып, бірнеше жылдан кейін балалар жаңа №30 заманауи мектепке оралады деп сендіріп отыр.
Алайда ата-аналар бұған күмәнмен қарайды. «Қорытынды әдейі жасалған болуы мүмкін. Шындығында мектепті жөндеуге болатын еді, бірақ біреулерге оны сүрген тиімді болып тұр. Өйткені жағалау мен саябаққа жақын жердің бағасы алтынмен тең», – дейді ата-аналар комитеті.
Өшкен “Шамшырақ”, ұмытылған СТГ
Мұндай күдіктерге басқа мысалдар да себеп. Балықшыдағы «Шамшырақ» балабақшасы 13 жыл бұрын жабылды. Әуелі жөндейміз деп, кейін реконструкция жасаймыз деді. Енді тек сүреміз деп отыр.
Айта кету керек, тұрғын үй алабында орналасқан, барлық коммуникациясы мен жолдары бар бұл үлкен аумақ әлдеқашан тұрғын үй кешеніне дайын алаң секілді көрінеді.

Атамбаев көшесіндегі ескі СТГ ғимаратында да дәл осындай жағдай: гимназия жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін бұл нысан 2017 жылдан бері бос тұр. Билік оны балабақшаға айналдырамыз деп уәде бергенімен, сөзден аспады. Ғимарат қирап жатыр, ал учаске тым қолайлы болғандықтан, құрылыс компанияларының қызығушылығын тудырмай қоймайды.

Сондықтан тұрғындар №30 гимназияның тағдырына үлкен күмәнмен қарайды. Қағаз жүзінде — «жаңа заманауи мектеп», ал іс жүзінде — құрғақ уәде ғана. Ата-аналар күдігі расталса, Президентке дейін шағымданатынын ашық айтып отыр.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Сурет: «АЖ» мұрағатынан
В Атырау +2