Атырау, 5 желтоқсан 19:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Атырауда әйелдер колониясы толық, ерлер колониясы мен тергеу изоляторы да толуға жақын

443 рет қаралды
Атыраудағы тергеу изоляторы

Атырау облысындағы тергеу изоляторы мен колониялардың жағдайының нақты көрінісі жарияланды. Мәліметтерді "Ақ Жайық" редакциясының ресми сауалына жауап ретінде өңірлік ҚАЖД бастығы Азамат Ізтілеуов ұсынды.

340 адамды ұстауға арналған тергеу изоляторында 308 қамауға алынған адам бар — мұнда жағдай әзірге бақылауда. 725 адамды қамауда ұстауға арналған ерлер колониясында 721 сотталған азамат отыр, яғни толуға шақ қалып тұр. Бірақ ең қиын жағдай әйелдер колониясында: 300 орындық нормада 351 сотталған әйел бар.

- Әйелдердің нақты саны лимиттен асып кеткендіктен, Атырау облысы бойынша ҚАЖД ҚР ІІМ ҚАЖ комитетіне хат жолданды. Қамауда отырғандардан немесе олардың туыстарынан ұстау шарттарына байланысты шағым түскен жоқ, - деп мәлімдеді Ізтілеуов.

Жасыруға тырысқан ақпарат

Бастапқыда ҚАЖД ресми жауаппен шектелді, бірақ "Ақ Жайық" редакциясы шағымданғаннан кейін ғана нақты мәліметтерді хабарлады. Бұл дерек құрылымның ашықтығына күмән келтіреді.

Құқық қорғаушылар атап өткендей, осындай орындар толып кеткенде жағдай нашарлайды — бір адамға тарлық етеді, санитария жағдайы нашарлайды, дау туындап кету қаупі жоғары болады. Қызметкерлердің же жүктемесі артады: кезекшілік қиынға түседі, шиеленіс күшейеді. Шағымдар шынымен де жоқ, бірақ сарапшылардың айтуынша, онда отырғандар шағымдануға батылы жетпейді. 

Ізтілеуовтың айтуынша, Атырау облысында колонияларды кеңейту, жаңа корпустар салу немесе инфрақұрылымды жаңғырту жоспарда жоқ. Рахымшылық жасау мәселені шешпейді. Мекемелер қазірдің өзінде мүмкіндігінен тыс жұмыс істеп жатыр, бірақ шенеуніктер толық шегіне әлі жетпегендей кейіп танытқанды жөн көріп отыр. 

Айгүл МАНСУРОВА

19 қыркүйек, 10:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.