Атырау, 5 желтоқсан 18:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Атырауда жаңа терминал салу үшін әуежай маңындағы төрт жер мемлекетке қайтарылады

506 рет қаралды
Сурет: 2ГИС

Атырау қаласының билігі Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайдың жанындағы жер телімдерін мемлекетке қайтару мәселесін қолға алды. Бұл қадам жаңа жолаушылар терминалын салу үшін жасалуда.

Әкімдік өкілдері жер телімдерінің ешқайсысы «АТМА» ЖШС-не берілмегенін мәлімдеді.

Қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың «Ақ Жайыққа» хабарлауынша, жерлерді мәжбүрлеп алу облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 2025 жылғы 28 наурыздағы хаты мен қала әкімі Шәкір Кейкиннің қаулысына сәйкес жүргізілуде. Бұл іске қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдері жауапты. Жұмыс барысында Жер кодексінің 84, 85 және 86-баптары мен «Мемлекеттік мүлік туралы» заң қолданылуда. Әкімдік тәуелсіз бағалау жасалатынын, ал әуежай маңынан қосымша жер телімдері алынбайтынын айтты.

Әңгіме төрт жер телімі туралы болып отыр: Captain Catering Services компаниясының Әбілқайыр хан даңғылындағы шамамен 0,5 гектар жері, онда борттық тамақ цехы мен қойма салу жоспарланған; «Нафил» компаниясының сол даңғыл бойындағы 0,3631 гектар жері, профилакторий салуға арналған; «Промстроймеханизация» компаниясының Бейбарыс даңғылындағы 1 гектардан астам жері, қонақүй кешені жобаланған; Иван Фроловқа тиесілі 0,1614 гектар жер, онда кеңсе мен «Натали» кафесі орналасқан.

Жерді мәжбүрлі түрде қайтару мерзімі – 2025 жылдың 31 желтоқсаны деп белгіленген. Дегенмен бұл мәселе бұрын да бірнеше рет көтерілген: 2019 жылы сол кездегі қала әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы «Нафил» компаниясының жерін алу туралы қаулыға қол қойып, соңғы мерзімді 2020 жылдың қаңтары деп белгілеген еді. Содан бері бірнеше мәрте кейінге шегеріліп келді, енді ғана мәселені түбегейлі шешеміз деп уәде берілуде.

Әкімдік мәліметінше, кәсіпкерлер бұл жағдайға қарсы емес және мәселе жыл соңына дейін шешілмек. Алты жыл ішінде олар бұл жағдайға бойұсынған секілді.

Айнұр САПАРОВА
Әуежайдың бас жоспарын Атырау қаласы әкімдігі ұсынды

18 қыркүйек, 18:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.