
Атырау облысында 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында республикалық деңгейде «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүзеге асырылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Сағытжан Мырзағалиев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте хабарлады.
— Іс-шара кезінде Қазақстан аумағында заңсыз жүрген 200-ден астам шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 30 мыңнан астам тұрғын-жай тексеріліп, тіркеусіз тұрған азаматтар анықталды. Бұл бағытта мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізілуде, — деді С.Мырзағалиев.
Қару айналымына қатысты да құқықбұзушылықтар тіркелді. Қару сақтау ережелерін бұзған 45 адамға шара қолданылып, 86 қару тәркіленді. Сонымен қатар 6 заңсыз қару (3 аңшылық және 3 травматикалық) табылып, оларға қатысты сараптамалар тағайындалды.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында түнде ата-анасыз жүрген 240-қа жуық жасөспірім анықталып, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 4 мыңнан астам азаматқа шара қолданылды.
Сонымен қатар су айдындары мен кәсіпкерлік нысандарын тексеру барысында 53 ұсыныс беріліп, құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша шаралар қабылданды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар анықталып, жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсету ұсынылды.
С.Мырзағалиевтің айтуынша, профилактикалық рейдтер алдағы уақытта да жалғасып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілмек.
В Атырау +2