
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы болып 24 жылдан астам тәжірибесі бар дәрігер Абилова Алмагүл Исламқызы тағайындалды.
Ол 1976 жылы 11 сәуірде дүниеге келген. 2000 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, медицина саласындағы еңбек жолын бастады. Алғашқы кәсіби қызметін Қызылорда облысындағы «Абай» жанұялық дәрігерлік емханасында аймақтық дәрігер болып бастап, кейіннен Атырау облысы, Исатай ауданындағы Новобогат учаскелік ауруханасында дәрігер-терапевт ретінде еңбек етті. 2016 жылдан бастап Атырау қаласындағы №7 қалалық емханада жалпы тәжірибелі дәрігер, әрі директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы қызметтерін атқарды. 2022 жылы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру және лицензиялау бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды.Соңғы жылдары Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болды.
2023 жылы ол «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен марапатталса, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалімен де марапатталған.
Ведомствоның берген мәліметі бойынша, Алмагүл Исламқызының жаңа қызметтегі басты мақсаты – өңірдегі медициналық және фармацевтикалық қызмет сапасын арттыру, бақылау тетіктерін жетілдіру және халыққа қолжетімді, тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +2