
Венесуэла билігі АҚШ-ты ұлттық суверенитетті бұзды деп айыптап, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымына (ФАО) ресми шағым түсірді. Бұл туралы вице-президент Делси Родригес Telegram-да хабарлады, деп жазады АА.
Оның айтуынша, 12 қыркүйекте Венесуэла туы астында жүзіп келе жатқан «Carmen Rosa» балық аулау кемесін АҚШ-тың «USS Jason Dunham» эсминці заңсыз әрі қастықпен тоқтатқан. Оқиға Венесуэланың айрықша экономикалық аймағында, Бланкилья аралынан 48 теңіз милі қашықтықта болған.
Родригестің сөзінше, америкалық әскери кеме қару асынған 18 теңізшіні түсіріп, олар сегіз сағат бойы бейбіт балықшылардың еркіндігін шектеген, байланысқа шығуға кедергі жасаған және тунец балығын аулауға мүмкіндік бермеген.
Вице-президент бұл әрекетті теңіздегі нормалар мен қағидаларды бұзу деп атап, ФАО-дан АҚШ-тың іс-әрекетін айыптауды талап етті. Президент Николас Мадуро да оқиғаны «масқара» және «ұрлау» деп сипаттаған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп латиноамерикалық есірткі картельдеріне қарсы күресті күшейту туралы, қарулы күштерді белсендірек пайдалануды көздейтін жарлыққа қол қойған еді.
АҚШ соңғы айларда Кариб аймағында әскери белсенділікті күшейткен. Тамыздың соңында Венесуэла жағалауына бірнеше әскери кеме жөнелтілген. Бұған жауап ретінде Мадуро 4,5 млн жасақты жұмылдыруға бұйрық берген.
В Атырау +4