
Атырау облысында Исатай ауданындағы бөбекжай-бақшаларға мемлекеттік аудит жүргізілді. Бұл туралы Тексеру комиссиясының мүшесі Нұрсұлтан Бисембиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде хабарлады.
— Жалпы 12 бөбекжай-бақша тексеріліп, 4 млрд теңгеден астам қаражатқа аудит жүргізілді. Нәтижесінде шамамен 130 млн теңге қаржы бұзушылықтары мен 116 рәсімдік кемшілік анықталды. Артық төленген жалақы, негізсіз іссапар шығындары және орындалмаған қызметтерге қаражат жұмсалған фактілер тіркелді, — деді Н.Бисембиев.
Бөбекжай-бақшалардың кейбірінде штаттық кестеде артық қызметкерлер көрсетілген, әлеуметтік сақтандыру мен зейнетақы жарналары кешіктірілген. Кей бухгалтерлер туыстарымен мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жасаған.
Сонымен қатар материалдық-техникалық жабдықтар толық қамтамасыз етілмеген, медициналық бөлмелерді жабдықтау талаптары сақталмаған. Жосықсыз өнім берушілерге қатысты сотқа талап арыздар да берілмеген.
Аудит қорытындысы Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен Мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды. Нәтижесінде бөбекжай-бақша басшылары мен бухгалтерлеріне әкімшілік іс қозғалып, жалпы 6,9 млн теңге айыппұл салынды.
Комиссия өкілі алдағы уақытта мектепке дейінгі білім беру саласында қаржылық бақылауды күшейту, материалдық-техникалық базаны нығайту және кадр саясатын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылданатынын айтты.
В Атырау +2