
Атырау облысында газ тұтынушыларға ыңғайлы қызмет көрсету мақсатында QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл туралы «QazaqGaz Aimaq» АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры Қайсар Рахметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
- Қосымша арқылы тұтынушылар газ есептегіш көрсеткіштерін бақылаушының келуін күтпей немесе байланыс орталығына қоңырау шалмай, смартфон арқылы кез келген жерде және қалаған уақытта жолдай алады. Бұл уақытты үнемдеуге және қызмет көрсетудің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді, — деді Қ. Рахметов.
Республика көлемінде қазір 157 мыңнан астам тұрғын қосымшаны жүктеп, жеке шоттарын енгізген. Тек тамыз айында 60 мыңнан астам көрсеткіш мобильді қосымша арқылы қабылданған. Атырау облысында іске қосылғалы бері үш мыңға жуық тұтынушы тіркелді.
Брифингте «Әлеуметтік әмиян» цифрлық сервисінің артықшылықтары да айтылды.
- Бұл жүйе атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй көмегін алушыларға электронды ваучерлер арқылы тауарлық газға жеңілдік алуға мүмкіндік береді. Сервис қағаз құжат жинауды қажет етпей, жеңілдікті рәсімдеуді жылдам әрі қолжетімді етті. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап ел көлемінде 9,5 мыңнан астам ваучер берілді, — деді филиал директорының орынбасары Әділбек Рахметов.
Кәсіпорынның бас инженері Андрей Нарыжный жаңа жүйелердің көрсеткіштердің дұрыстығын автоматты түрде тексеріп қана қоймай, деректерді қауіпсіз сақтайтынын атап өтті. Қосымша заманауи смартфондардың барлығында қолжетімді, ал ескі үлгідегі телефондарға жеңілдетілген нұсқасы қарастырылған. Басты мақсат – жүйенің тұрақтылығы мен деректердің толық қорғалуын қамтамасыз ету.
Мобильді қосымша мен цифрлық сервис газ саласындағы қызметті ашық, қолжетімді әрі тиімді етуге бағытталған. Спикерлердің айтуынша, бұл қадамдар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етеді.
В Атырау +2