Атырау, 5 желтоқсан 08:20
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Атырауға бағытталған мұнай құбыры учаскесі гибридті энергиямен қамтамасыз етілді

288 рет қаралды

ҚР Энергетика министрлігінің энергия тиімділігін арттыру саясаты аясында «ҚазТрансОйл» АҚ «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» магистральдық мұнай құбырының учаскесін жаңғырту жұмыстарын аяқтады. Ұзындығы 45 шақырымды құрайтын «Қаражанбас – Қияхты» бөлігінде күн панельдері мен дизельді генераторларды біріктірген гибридті электр жүйесі іске қосылды.

Жоба аясында құбырдың 63, 87 және 107 шақырымдарында күн батареяларымен жабдықталған үш автоматтандырылған контейнерлік станция орнатылды. Әрбір станция құрамында 48 панельден тұратын фотоэлектрлік жүйе, қуаттылығы 40 кВА дизельді генератор, аккумуляторлық батареялар, қуаттау құрылғысы, басқару блогы және қашықтан бақылау жүйесі бар.

Жаңа қондырғылардың енгізілуі мұнай тасымалдау сенімділігін едәуір арттырды. Нәтижесінде аталған учаскенің санаты үшінші деңгейден бірінші деңгейге көтерілді. Бұл Атырауға бағытталған «Өзен – Атырау – Самара» мұнай құбыры жүйесіне, сондай-ақ Ақтау теңіз порты мен битум зауытына шикізатты үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді.

Контейнерлік үлгідегі қондырғылар күрделі климаттық жағдайларда – жоғары ылғалдылық пен температураның күрт ауытқуларында да тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар, бейнебақылау және жарықтандыру жүйелерімен жабдықталған.

Қашықтағы аумақта орналасқан учаскені автономды гибридті энергиямен қамту – стратегиялық маңызы бар шешім. Жоба компания нысандарының электр энергиясына тәуелділігін азайтып қана қоймай, Атырауға тұрақты мұнай жеткізуді қамтамасыз етуге және жалпы энергоүнемділікті арттыруға ықпал етеді.

17 қыркүйек, 12:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.