
Жылыой ауданындағы шаруалар Жем өзенінің арнасын кеңейту жұмыстары жүргелі мазасы кеткен. Шаруалар мал ішетін қалыпты суат ашу мәселесін жиі көтеріп келеді.
- Біздің тіршілік көзіміз - мал. Жем өзенін кеңейткелі көп өзгеріс болып жатыр. Шілденің ортасына дейін суат болмағандықтан мал өзен жағасындағы бөгеттен өте алмай құлап жатты. Қызылжар жерінен ашылған суат тік қабақтау болып тұр, малдың су ішіп кері шығуы үшін қиындау. Бұдан бөлек Алдоңғар, Новый Қайқы, Гайдар жерінен суат ашып берсе дейміз. Себебі, суат аз болғандықтан тығыздық орын алып тұр. Мал 30-40 км жерден келіп осы Жемге құлайды, - дейді тұрғын Маран ШЫҒЫР.
Оның сөзін "Мұқан" ШҚ басшысы Қуат ҚИТАРБАЕВ та қостап, суат уақтылы ашылмағандықтан мал ұймаға түсіп өлгенін, шамамен 20-30 шақты жылқы арам қатқанын айтты.

Жемнің бойында жап жасау жұмысымен "СапИнВест" ЖШС айналысуда. Дереккөзге қарағанда Жем өзені мен Құрсай өзегі арнасындағы жұмысқа 40 млрд теңге қаржы қаралып, оның 10 млрд теңгесі игерілген. Малы Жемнен азық табатын шаруалар суат қалдыру жөніндегі өтініштерін өткен жылдан бері айтып келеді. Шаруалар наразылығынан кейін суатты су тасқынынан кейін жасап беруге медігер мен аудандық әкімшілік келіскендей болып еді.
Қосымша суат ашу сұрағымызға аудандық әкімшіліктен мынадай жауап келді: «Суат ашу бойынша арнайы уақыт белгіленген жоқ. Жыл басынан бері малдың жаппай өлу фактілері болған жоқ. Жем өзені жағасында екі бас жылқы малының жағадағы ұймаға батып өлгені анықталды. Ол бойынша мал иесіне өтемақы төлеуге жатпайтыны түсіндірілді. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес 4 жерде арнайы техникамен өзен жабы ашылды. Алайда тұрғындар өзен сағасына қажеттіліктерге байланысты көлікпен түсуге жағдай жасауды сұрауда. Осы өтініштер Жем өзенінің түп тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер мекемеге ескертілді».
Бірақ шаруалар бұл жауапқа қанағаттанбауда, ақадал малынан айрылған М. Шығыр сотқа жүгінуден басқа амалы қалмағанын жеткізді.
Шаруалардың айтуынша, билік пен мердігер бір-біріне сілтеп жүргенде, мал қырылып жатыр. Олардың талабы – Алдоңғар, Новый Қайқы және Гайдар ауылдарынан суат ашу. Әйтпесе, мал ондаған шақырым жерден су іздеп, жолда қырылуы мүмкін.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +2