
Автожолшылар ықшамауданында орналасқан №20 мектеп оқушыларының ата-анасын көбіне бір сұрақ мазалап отыр: құрылысшылар жыл соңына дейін уәде етілген қосалқы жапсаржай құрылысын аяқтай ала ма?
300 орындық мектеп 1993 пайдалануға берілген. Оқушы санының артуына орай жапсаржай салу көзделген еді. Оның үстіне мектептегі асхана да тарлық қылған. 180 орындық жапсаржай құрылысы 2023 жылы басталды. Су тасқынына орай құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап, 2024 жылдың 25 қарашасында қайта жандана бастады. Бас мердігер "Сұңқар Құрылыс LTD" ЖШС бұл нысанды осы жылдың 25 желтоқсанында толық аяқтап тапсыруы тиіс.
"Жұмыс бірқалыпты жүріп жатыр"
- Уақтылы аяқталса біз үшін көп көмек болар еді. Асхана кішкентай, балалардың тамақтануына қиындық келтіріп тұр. Қосымша сыныптар да керек, - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Алмабек АБДОЛОВ.
- Күні бүгінде құрылыс жұмысының 80-85 пайызы атқарылып тұр. Сыртқы абаттандыру жұмысымен қоса мектеп ғимаратының ішкі әрлеу, жылу жүргізу, басқа да жұмыстары бар. Күн суытпай тұрып, сыртқы жұмыстарды тезірек бітіруге күш салып жатырмыз, сосын ішке кірісеміз, - дейді прораб Ершуақ ЖАҚСЫБЕКОВ.
Мектептің басым бөлігінің жұмысы атқарылды дегенмен шатыры толық жабылмаған. Сыртқы абаттандыру жұмысы басталмаған.
Мемлекеттік шартқа отырған шетелдіктер
Мердігер ресми түрде құрылыс жұмысына жергілікті адамдар тартылған деп мәлімдеді. Алайда құрылыс жұмыстарына шетелдіктер тартылғанына тілші мен полиция өкілі куә. Учаскелік инспектор, капитан Ғарифолла САҒИДУЛЛИН құрылыс басында шатырдың астында жасырынған, тығылған, құжатсыз жүрген жеті шетелдікті анықтады. Құрылыс басындағылар өздерімен бірге жұмыс жасап жатқан 20-шақты шетел азаматы бар екенін, олардың тексеріс келсе қашып кететінін айтты.
Жалпы Қазақстан Республикасы заңдылығына орай мемлекеттік ғимараттардың құрылысына шетелдіктерді қатыстыру заңсыз. Ал іс барысында олардың еңбегін пайдаланады.
- Жыл ішінде 728 шетелдікке хаттама толтырылса, 71-і Қазақстан территориясынан шығарылды. Егер арыз түссе бара аламыз, - дейді аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Әнуар КОКАЛОВ.
Жылыой ауданында бұл бірінші жағдай емес. Күні кеше 1200 орындық мектептің құрылысы бітпей жатып, спорт залының шатыры құлап қалды. Оның алдына сол мектепте төбелес болып, тексеріс барысында құрылысшылардың ішінде шетел азаматтары болған деректі анықтады "Ақ Жайық" тілшісі.
- Егер жергілікті жұмысшыларға жақсы жалақысын төлесе, жұмыс жасайтыны сөзсіз. Сапа төмендеп, кейбір құрылыстардың жарамсыз болуы соның салдарынан болып тұрғаны жасырын емес. Мемлекттік құрылыстарға шетелдікті мүлдем жақындатуға болмайды, - дейді қоғам белсендісі Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.
Ал жапсаржай құрылысының уақтылы аяқталатынына құрылыс басындағылардың өздері де сенімсіздік танытып отыр. Сондықтан №20 мектептің оқушылары әлі де тар асханада тамақтанып, сыныптарда толып отыратын болды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +2