
Самал ықшамауданында Хиуаз Доспанова атындағы әуежайдан жүздеген метр қашықтықта төрт гектар жерде үш қабатты үйдің құрылысы басталды. Бұл жерде әдетте ұшақтар үшін бос глиссадтар болуы керек еді, бірақ қазір бетон құйылып жатыр.
«Ақ Жайық» мәліметінше, құрылыс бекітілген жоба және рұқсат құжаттарысыз жүргізілуде. Құрылыс компаниясы – «Orda Building 2025» ЖШС. Әкімдіктің айтуынша, фирма тек сәулет-жоспарлау тапсырмасын алған, бірақ эскиздік жоба бекітілмеген және толық рұқсат құжаттары жоқ. Дегенмен құрылыс қарқыны бұл мәселені назарға алмайтын секілді.
«АЖ» анықтамасы
«Orda Building 2025» ЖШС 2025 жылдың сәуірінде тіркелген. Басшысы – Мырзагелді Мөлдір Рысқалиқызы. Негізгі қызметі — құрылыс-монтаж жұмыстары.
Аз уақыт жұмыс істегеніне қарамастан, фирма мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының назарында болды: Самал шағын ауданында кәріз жүйесін салу кезінде құрылыс нормаларының өрескел бұзылуы анықталды. Сол кезде компанияға айыппұл салынды
Әуеайлақтар және жерүсті қызмет көрсету департаментінің баспасөз қызметі өз жауабында жобасы бекітілмеген, сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен рұқсат құжаттары жоқ нысанды салуға болмайтынын ерекше атап өтті. Бірақ бұл жағдайда құрылыс компаниясы барлық осы кезеңді айналып өтті. Әкімдік өз жауабында құжаттардың жоқ екенін растайды, бірақ жер бергені үшін жауапкершіліктен бас тартып, азаматтық авиация комитетімен келісу «оның міндетіне кірмейтінін» мәлімдеп отыр.
Бір қызығы, Қазақстанның Авиация әкімшілігі әзірлеген әуежай жанындағы аумақ құрылысына қойылатын шектеулер схемалары қала әкімдігінің қолында бар. Осындай схемалар әр қалада бар. Демек, жерді сату әкімдіктің міндеті де, «қай жерді сатуға болмайтынын» бақылау оның міндетіне кірмегені ме?
Айтпақшы, 2011–2012 жылдары да әкімдік әуежайға жақын жерлерді авиация органдарымен келісусіз беріп келген. Сол кезде жеке тұрғын үй салуға арналған жүзге жуық жер учаскесі жайлы сөз болды. Осылайша Нұрсая мен Самал шағын аудандары пайда болды, олар әуежай бақылау нүктесінен 46 километр радиуста орналасқан. Ал бұл радиус бүкіл Атырауды қамтитынын айтудың өзі артық.
Қазір сол жағдай қайталанып отыр. Бірақ бұл жолы болашақта салынып жатқан үйдің терезесінен диспетчер мұнарасындағы жұмысты көріп, қонып жатқан ұшақтардың бүйіріндегі ұсақ әріптерді оқуға болады. Ал бір күні апат орын алса ше…
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +2