
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «XIX–XX ғасырлардағы Атырау тарихы фотосуреттерде» атты ерекше фотоальбомның таныстырылымы өтті.
Фотосурет – өткен дәуірдің тарихын жаңғыртып, ата-бабаларымыздың бейнесін еш бұрмалаусыз көруге мүмкіндік беретін бірегей дереккөз. Көне суреттер – өткен тарихқа ашылатын терезе іспеттес.
«Мұндай фотоальбом шығару идеясы көптен ойда болатын, – дейді музей директоры Мұхамбетқали Кипиев (жоба жетекшісі). – Сондықтан бүгінгі дейін ұзақ дайындық жұмыстары жүргізілді. Альбомда музей қорларынан алынған XIX ғасырдың соңынан бастап XX ғасырдың 40-шы жылдарына дейінгі суреттермен қатар ресейлік мемлекеттік архивтерден және жеке жинақтардан алынған фотоматериалдар бар. Олардың көпшілігі алғаш рет жарияланып отыр, барлығы біздің өңірдің тарихы мен мәдениетін айқын көрсететін баға жетпес құндылық».
Үш тілде – қазақша, орысша және ағылшынша жарық көрген кітапта шамамен үш жүз фотосурет жинақталып, тақырыптық блоктарға бөлінген: елді мекендер, мұнай саласы, балық шаруашылығы, материалдық мәдениет және т.б. Мысалы, алғашқы бөлімде Гурьев қаласының, Плотовинск кеме тұрағының, Кулагино, Жилая коса ауылдарының, сондай-ақ Дүйсеке мешіті мен Таз руының көшпелі ауылдарының революцияға дейінгі суреттері көрсетілген.
Таныстырылымға жұртшылық, зиялы қауым өкілдері, мәдениет мекемелері қызметкерлері, тарихшылар мен өлкетанушылар қатысты. Олар өз сөздерінде өлкенің визуалды мұрасын көрсету тұрғысынан фотоальбомның маңызды екенін және Атыраудың тарихи естелігін сақтауда елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Кітап шектеулі тиражбен бюджет қаражаты есебінен шығарылған, коммерциялық жоба емес, яғни сатуға арналмаған. Дегенмен, жүзден астам фотоальбомды облыстың барлық мемлекеттік кітапханаларына беру жоспарланып отыр.
Лев ГУЗИКОВ
Музей ұсынған суреттер
В Атырау +2 
