
Маңғыстау облысында «Өзен – Атырау – Самара» магистралды мұнай құбырының 409–422,5 шақырымдық аралығында құбырды ауыстыру және қосу жұмыстары толық аяқталды.
Ұзындығы 13,5 шақырымдық бұл учаске «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 2021–2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында жаңартылды. Жоспар бойынша жалпы 76,5 шақырым құбыр кезең-кезеңімен жаңғыртылуда.
Компания мәліметінше, жүргізілген жұмыстар мұнай құбырының сенімділігін арттырып, Қазақстанның магистралды жүйесі арқылы мұнайды қауіпсіз әрі үздіксіз тасымалдауға жағдай жасайды. Сонымен қатар елдің транзиттік мүмкіндігін тиімді пайдалануға ықпал етпек.
Жобаға «ҚазТрансОйл» мен мердігер компаниялардың 212 маманы тартылып, 71 арнайы техника пайдаланылды. Барлық техникалық іс-шаралар өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылды.
Айта кетейік, «Өзен – Атырау – Самара» мұнай құбыры қазақстандық мұнайды әлемдік нарықтарға жеткізудің негізгі бағыттарының бірі саналады және экспорт көлемі бойынша екінші орында тұр.
В Атырау +4