
Атырауда республикалық «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Соның аясында №1 қалалық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары 400-ден астам қыстақ пен шаруа қожалығын аралап шықты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшыларының басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және ауыл тұрғындарымен тығыз байланыс орнату. Тасқала ауылдық округінде өткен кездесулер барысында олар жергілікті халыққа құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі әлеуметтік топтардың жағдайына назар аударды.
Әсіресе тұрғылықты жері бойынша тіркелмегендер, профилактикалық есепте тұрған азаматтар, жалғызбасты қарттар мен әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар ерекше бақылауға алынды. Сонымен бірге инспекторлар қыстақтағы тұрғын үйлердің қауіпсіздігін, мал қыстақтарының жағдайын және өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексерді.
Полиция қызметкерлері азаматтарға құқық бұзушылық немесе күмәнді жағдай орын алса, бірден құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігін ескертті.
Айта кетсек, Атырау қаласы аумағында шамамен 2000 қыстақ пен шаруа қожалығы бар. Оның ішінде қазіргі уақытта 400-ден астамы тексеріліп, тұрғындармен алдын алу бағытындағы әңгімелер жүргізілді.
В Атырау +2