
Атырауда Авангард ықшамауданында ашылатын жаңа BINOM мектебіне ұстаздарды іріктеу конкурсы басталды.
Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінде өңірде 9 мектеп үш ауысымда жұмыс істеуде. Сонымен қатар 4 мектеп апатты жағдайда деп танылған. Уақытша шара ретінде оқушылар жақын маңдағы мектептерде білім алуға мәжбүр.
- Авангард шағынауданындағы №30 мектеп-гимназия бірнеше жыл бұрын апатты деп танылған. Оның оқушылары қаланың әртүрлі мектептеріне бөлініп, жүктемесі жоғары ордаларда оқуға мәжбүр болып отыр. Қазір бұл мектептің орнына 1500 орындық жаңа білім ордасының жобасы әзірленді. Дегенмен құрылыс белгілі бір уақытты талап етеді. Осы аралықта “BINOM” мектептері №30 мектептің оқушыларын қабылдап, олардың сапалы әрі қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасауда, - деді қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Екі ауысымда жұмыс істейтін “BINOM” мектептерінің жалпы сыйымдылығы 4 мың оқушыға жетеді. Оқыту аралас тілде жүргізіледі: 80% – қазақ, 20% – орыс тілінде.
- Жаңа мектептердің ашылуы мұғалімдер үшін жаңа мүмкіндік беріп отыр. “BINOM” мектептеріне мұғалімдер конкурстық негізде қабылданады. Егер сынып толық құрамымен ауысса, біз сол мектептің мұғалімдерін де жұмысқа алуға дайынбыз. Қазір, әсіресе, орыс сыныптарына кадр тапшылығы бар, сондықтан түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең бастысы – ешбір педагог жұмыссыз қалмайды, – деп пікір білдірді «BINOM ATYRAU» ЖШС директоры Әлия Мақышева.
Спикерлердің айтуынша, жаңа “BINOM” мектептері пайдалануға берілгеннен кейін Атыраудағы үш ауысымда оқыту мәселесі айтарлықтай азайып, апатты деп танылған мектептердің оқушылары заманауи білім ордаларына көшірілмек
Естеріңізге сала кетейік, Ақ Шағала ықшамауданындағы мектеп құрылысы өткен жылдың желтоқсан айында басталды, 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланды. Драма театры ауданында құрылыс жұмыстары шілде айында басталды және 2026 жылдың қыркүйегінде аяқталады деп күтілуде.
Бұл мектептердің ашылуы Авангард ықшамауданындағы толып кеткен оқу орындарын – №3 және №19 мектеп-гимназияларын, сондай-ақ Драма театры маңындағы №17 және №24 мектептерінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Апатты жағдайдағы №30 мектеп-гимназиясының оқушыларын да жаңа ғимаратқа көшіру жоспарланған.
В Атырау +2