
Жары құлап, едені тесіліп жатқан тұрғын үйде төрт отбасы өмір сүріп жатыр. Басқа тұрғындар туысқандарының үйін паналап кеткен. Алайда шенеуніктер әлі де «тексеру қорытындысын» күтіп отыр.
Индер ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Мұнай айдау стансасы елді мекеніндегі 16 пәтерлік екіқабатты үй тұрғындары өз үйлеріне кіре алмай, босып жүр. Шарасыз қалған тұрғындар барар жері болмағасын «Ақ Жайыққа" хабарласты.
Бұл үй (суретте) 1973 жылы мұнайшы жұмысшыларға арналып салынған екен. 1993 жылы үй жекешелендіріліп, тұрғындарға берілген. Қабырғасы ракуш кірпіштен болғанымен төбе жабындысы плитадан жасалған. Күтім көрмегендіктен бе, плитаның ауырылығынан ба үйдің бір жақ қабырғасы қисайып кеткен, оның үстіне плита жабындысына қара ағаштар шығып көктеп тұр. Аудан әкімдігі 2024 жылы үйді күрделі жөндеуге болады деген шешім шығарыпты, алайда тұрғындар мұнымен келіспейді.
«1975 жылы менің жолдасым осы үйден екі бөлмелі пәтер алды. Бастапқыда бәрі жаман болған жоқ, бара-бара үйдің күйі кете бастады, шатырдан су ақты, кәріз жүйесі істен шықты, су жоқ, көргеніміз қорлық болды. Шатыр жабынын плитамен жапқандықтан оның арматурасы ажырап, төбемізге түсетін болғандықтан еріксіз кетуге тура келді. Ақыры бұл үй тұруға келмегесін ұлымның қолына уақытша барып тұрып жатырмын. Мен қорқам бұл үйде тұруға, айтыңыздаршы, қалай тұрамын?» - дейді Галина САМАРЦЕВА.
«Бұл үй қай жағынан алып қарасаң да тұруға жарамсыз. 2017 жылы осы үйдің тұрғыны Жаңылсын Мақашева өзі тұратын пәтерінің техникалық жағдайына сараптама жүргізгенде апатты деп танылған шешім шықты. Біз жасатқан жоқпыз, жөндейтін болар деп күтіп жүрдік. Содан бері бұл үй кері кетпесе түзелген жоқ, енді күрделі жөндеуге мүлдем келмейді, іргетасы ажырап жатыр, үй күннен-күнге бір жағына қисая бастаған. Тозығы жеткен үйде жәндіктің түрі бар, жылан да,» - дейді тұрғын Нұрберген ИМАШЕВ.
Барар жері жоқ болмағасын, бұл үйдің бірінші қабатында төрт отбасы тұрып жатыр. Әр күнін қорқынышпен өткізетін жалғызбасты әке Амангелді САРИЕВ үй алдынан кішкене веранда салып алғанын, шатырдан су кеткенде сонда үй ішімен көшіп жүретінін, тогына да су кетіп ажыратып тастайтынын, жыл сайын жөндеу жүргізгенімен бүлініп жатқанын, кішкентай балаларының үнемі үрейде отыратынын ашына жеткізді.
Бұл үй емес, қора дерсің...
Тұрғындардың өтінішімен тілшілер үйді қарап шықты. Шынымен де үйдің тас-талқаны шыққан. Төбе плитасының арматурасы ескіріп, түсіп жатыр. Тіпті ортасы ажырай бастаған, едені тесіліп қалған. Амалсыздан кейбір тұрғындар баспанасын еріксіз тастап кетуге тура келген. Ендігі тұрғындар талабы — бұл үйді күрделі жөндеу емес, апатты деп тану үшін ресми құжат жасақтату.
«Ауданда 187 үй апатты деп танылған. Биыл Жарсуат ауылынан-26, Бөденеден 13 үй салынып пайдалануға беріледі. Мұның бәрі апатты үй тұрғындарына берілмекші. Бұған дейін күрделі жөндеуге жатқызылған мұнай айдау стансасындағы 16 пәтерлік үйге қайтадан, яғни 11 қыркүйекте техникалық зерделеу жұмысын жүргіздік. Осы айдың соңына дейін сараптама қорытындысы шығуы керек. Егер апатты деп танылса апатты үй тұрғындар тізіміне қоятын боламыз,» - дейді аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Шапағат ҒАББАСОВ.
Аудан орталығында 80 пәтерлік үй құрылысы «сақалды» құрылысқа айналған. Ал кейбір ауылдарда салынып жатқан үйлер кезектілерге берілмекші. Ал мұнай айдау стансасы елді мекен тұрғындарының талабы қашан орындалатыны белгісіз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +2 


















