
Атыраудағы Жұмыскер ықшам ауданында тұратын 59 жастағы Амандық Иманбаев өз құқығының бұзылғанын айтып шағымданды.
Оның айтуынша, ЭТД қызметкерлері оның үйінің жанында бір сағаттан артық тұрған, бірақ сот қаулысын көрсетпеген.
«Мен олардан санкция сұрадым, бірақ ол жоқ болды. Ештеңе түсіндірмеді. Менің атыма қылмыстық іс қозғалмаған. Егер үйімді тінткісі келсе, алдымен іс қозғауы керек. Олардың тінтуге себебі жоқ», – деді Иманбаев.
Содан кейін қызметкерлер құжатты көрсеткен, бірақ ол орыс тілінде болған. Иманбаев орыс тілін білмейтінін айтып, құқығының бұзылғанын айтты:
«Мен орыс тілін түсінбеймін. Бұл қазақтың үйі, құжат қазақ тілінде болуы керек. Бірдеңені түсінбей, қол қоя қойсам ше?» - деді ол.
Атырау облысы ЭТД тергеу басқармасы басшысының орынбасары Айтжан Иксанов тергеу қазақ тілінде жүргізіліп жатқанын, іс жүргізу құжаттарын түсіндіру үшін аудармашы шақырылғанын айтты.
Иманбаев өзінің құқықтарының сақталуын талап ететінін және қызметкерлердің әрекеттерімен келіспейтінін айтты.
Заңға сәйкес, Қазақстан азаматтары ресми құжаттарды мемлекеттік тілде талап етуге құқылы. Заңгерлер атап өткендей, қылмыстық процестің қатысушыларына берілетін процессуалдық құжаттар олар түсінетін тілде жасалуы тиіс. Бұл құқық бұзылған жағдайда азамат тергеу органдарының әрекеттеріне шағымдана алады.
UPDATE: Кейін Иманбаевқа шешімнің қазақша аудармасы берілді. Үйге екі куәгер шақырылды, оларды қызметкерлер өздері тапқан.
«Құжатта орыс тілінде тіпті үйдің нөмірінде қате бар. Куәгерлерді де өздері тапқан, олар кімдер екенін мен білмеймін. Үйдің иесі әлі келген жоқ, мен оның жұбайымын. Тіпті не айтарымды білмеймін», – деді Иманбаев.
ЭТД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Айтжан Иксанов тергеу қызметінің үйде заңсыз жолмен алынған мүлік болуы мүмкін деген күдігі бар екенін айтты. Содан кейін тінту жүргізілді.
Айгүл МАНСУРОВА
Видеоны түсірген автор
В Атырау +2