
Жайық–Каспий бассейнінде инспекторлар браконьерлікпен күресті күшейтті. Сегіз айдың ішінде 1541 заңбұзушылық анықталып, жүздеген хаттама толтырылып, 89 іс сотқа жіберілді.
Айыппұлдардың жалпы сомасы 21 миллион теңгеден асты. Бұдан бөлек, қылмыстық белгілері бар 10 іс құқық қорғау органдарына берілді.
Атырау облысының табиғат қорғау прокуратурасы құрған мобильді топ күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жайық–Каспий бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, осы уақыт ішінде Жайық пен Қиғаш өзендерінде және Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде жүргізілген рейдтер барысында заңсыз айналымнан 4 тонна 631 келі балық, оның ішінде 200 келі бекіре тәркіленген. Сондай-ақ 2055 ау құралы, 86 қайық пен көлік құралы алынған.
Атырау базарларындағы тексерістер де жағдайды айқындады: балықшылар мен сатушылар «ұсақ балықтарды» жасырмай сатып жүр.
Ал ережелер баршаға белгілі:
Каспийдің қазақстандық бөлігінде: балықтың кәсіптік аулау өлшемі (см):
көксерке – 37 см, теңіз көксеркесі – 30 см, сазан – 30–40 см (өңірге байланысты), табан балығы – 24 см, қаракөз – 17 см, қызылқанат – 17, майшабақ – 20, қарынсау – 14, ақ амур – 75, дөңмаңдай – 75, қамса тәрізді және үлкен көзді шабақ – 7, шаян – 9, ақмарқа – 41, батпақай – 24, жайын - 53, шортан – 30 және тағы басқа түрлер.
Атырау облысы аумағында: қаракөз – 18 см, көксерке – 37 см, ақбалық – 41 см, жайын – 53 см, шортан – 30 см, сазан – 40 см, беріш балық – 26 см және басқалары.
Инспекторлар осы нормаларды сақтау ғана Жайық пен Каспийдегі балық қорының сақталуына кепіл болатынын ескертеді. Алайда қазір браконьерлер инспекторларға алуға үлгертпей ау құралын құрып жатқандай көрінеді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +4