Атырау, 5 желтоқсан 08:20
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Асхат Хасенов АМӨЗ-де жоспарлы алдын алу жұмыстарына дайындықты тексерді

305 рет қаралды

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытында биылғы 1 қазаннан 25 қазанға дейін өтетін жоспарлы алдын алу жұмыстарына дайындық барысын тексерді.

Жоспарлы жұмыстар аясында зауыт жабдықтарына міндетті техникалық куәландырулар мен сараптамалар жүргізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 1 174 қысыммен жұмыс істейтін ыдыс пен аппарат, 46 пеш және 1 458 технологиялық құбыр желісіне тексеру жасалады. Сонымен қатар әртүрлі қондырғыларда 316 тоннадан астам катализатор алмастырылады.

Ең күрделі операция – баяу кокстеу қондырғысының реакторларындағы конусты түптерді ауыстыру. Бұл үшін зауыт аумағында жүккөтергіштігі 750 тонна болатын екі арнайы кран орнатылып, реакторларда жабдық сенімділігін арттыру үшін инновациялық болжамды диагностика жүйесі енгізіледі.

Жалпы жұмыстарға 1 880 маман және 62 бірлік арнайы техника жұмылдырылады. Жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде жанар-жағармайдың ішкі нарықтағы тұрақтылығын сақтау үшін зауыт жеткілікті тауарлық өнім қорын қалыптастырады.

2025 жылдың сегіз айында жеңіл мұнай өнімдері өндірісінің үлесі рекордтық 77,5%-ға жетіп, өңдеу тереңдігі 88,6%-ды құрады. Дизель отыны мен авиаотын өндірісі жоспардан асып орындалды. Нәтижесінде кәсіпорын бюджетке 129 млрд теңге аударып, жоспардан 24 млрд теңге артық түсім қамтамасыз етті.

Жиында зауыттың жылдық өңдеу көлемін 6,1 млн тоннаға арттыру, жөндеуаралық кезеңді 36 айға дейін ұзарту және қаржылық тиімділікті арттыру сияқты стратегиялық міндеттер талқыланды.

Атырау мұнай өңдеу зауыты алдында жоспарлы алдын алу жұмыстарын сапалы өткізу, өндіріс тиімділігін арттыру және барлық технологиялық қондырғылардың қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету міндеті тұр.


15 қыркүйек, 15:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.