Атырау, 5 желтоқсан 07:52
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Discord арқылы сайланған Непалдың уақытша премьер-министрі билікте ұзақ отырмауға уәде берді

268 рет қаралды

Непалдың уақытша премьер-министрі Сушила Карки, коммунистер мен орталық партияның үкіметі құлатылғаннан кейін, наразылыққа қатысушылардың Discord әлеуметтік желісінде сайлауымен таңдалды, деп хабарлайды BBC News Русская служба

Ал 12 қыркүйек күні алғаш ресми мәлімдемесінде ол елде сайланған үкімет пайда болған соң, алты ай ішінде өз еркімен отставкаға кететінін айтты.

Келесі ұлттық сайлау Непалда келесі жылдың 5 наурызына жоспарланған.

«Мен бұл қызметті өзім қалаған жоқпын. Дегенмен, көшедегі дауыс мені оны қабылдауға сендірді», – деді 73 жастағы Карки.

Сушила Карки бұрын Непалдың Жоғарғы сотының төрайымы болған және бұл қызметке наразылыққа шыққан «Z ұрпағы» (шамамен 30 жасқа дейінгі жастар) лидерлерінің ұсынысымен келген.

«Біз „Z ұрпақ“ ойымен жұмыс істеуіміз керек. Олар жемқорлыққа тосқауыл қоюды, басқаруды жақсартуды және экономикалық теңдікті талап етеді», – деді Карки.

Алдыңғы премьер-министр, Коммунистік партияның лидері Кхадга Прасад Шарма Оли, екі күндік наразылықтан кейін, онда 72 адам қаза тапқан соң, отставкаға кеткен болатын. Осы оқиғадан кейін наразылықтар тоқтаған жоқ: демонстранттар бірнеше саясаткердің үйін қиратты және парламент ғимаратын өртендірді.

Сушила Карки кандидатурасы Discord-тағы бірнеше үміткер арасынан таңдалды. Сайлау «Хами Непал» қайырымдылық ұйымының серверінде өтті, ол наразылық ұйымдастырушыларының үнжариясына айналды, қатысушылар саны 140 мыңнан асты.

Әскери билік пен президенттің келісімінсіз Discord арқылы премьер тағайындау мүмкін болмағандықтан, жастар сайлау нәтижесін ресми билікпен келісіп бекітті.

Карки 2009–2017 жылдары Непал Жоғарғы сотында судья болып, соңғы жылында оның төрайымы болған. Ол осыдан кейін екі кітап жазды: «Судья» автобиографиясы және «Түрме» романы.

Карки Непалда Жоғарғы сотты басқарған алғашқы әйел болса, енді ол елдің премьер-министрі болып сайланған алғашқы әйел.

Енді Карки мен оның үкіметіне келесі міндеттер қойылды: құқық тәртібін қалпына келтіру, демонстранттар қиратқан парламент пен басқа ғимараттарды жөндеу, сондай-ақ «Z ұрпағына» елде қажетті өзгерістердің болатынына сендіру.

15 қыркүйек, 12:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.