
Атырау облысында өңірдің инвестициялық әлеуетін көрсету және жобаларды қолдау мақсатында арнайы инвестициялық карта әзірленді. Бұл туралы облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аман Сұлтанов хабарлады.
«Инвестициялық карта кәсіпкерлер мен инвесторларға өңірдің мүмкіндіктерімен танысуға, жаңа жобаларын ұсынуға және қолдау тетіктеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта картада қаржылық қолдау қажет ететін 11 жоба мен іске асырылып жатқан 6 жоба жарияланған», — деді А.Сұлтанов.
Сонымен қатар облыстың Геоақпараттық порталы жұмыс істеп тұр. Порталда бас жоспарлар, елді мекендердің шекаралары, жер учаскелерінің жағдайы, инженерлік желілер және ғарыштық мониторинг деректері жинақталған.
«Геопортал өңірдің жер ресурстарын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Арнайы жүйе арқылы пайдаланылмай жатқан немесе заң талаптарын бұза отырып қолданылған жер учаскелеріне тексеріс жүргізіледі. Бұған дейін портал арқылы 53 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Бұл – ашықтық пен жеделдікті арттырудағы маңызды қадам», — деді спикер.
Қазіргі таңда геопортал 70-тен астам мемлекеттік мекемемен интеграцияланып, жер учаскелерін онлайн беру, аукцион арқылы сату немесе жалға алу мүмкіндігін қамтамасыз етуде.
В Атырау +2