Атырау, 26 қараша 06:58
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Газсыз қалған сектор

2 510 просмотра

Нұрсая ықшамауданындағы көппәтерлі бес үй жексенбіден бері ыстық сусыз қалды. Газ жеткізуші «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ осы үйлерге ыстық су мен жылу беретін ықшамауданның үш қазандығына жылу беруді тоқтатты. Қызмет көрсетуші борышкерлермен осылайша күресуде.

Салғырт қарайтын көршілердің газшілер алдындағы бережақтары үшін №25, 26, 27, 28, 29 үйлердің бүкіл пәтер иелері зардап шегуде.

Осы үйлерге қызмет көрсететін «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің директоры Асылбек МҮЛІКОВ монополист алдындағы бережақ фактісін растады:

– Осы үйлердің тұрғындарының қарызы 7-8 ай ішінде 4,5 млн теңгеден астам құрады. Бүкіл дебиторлық бережақ 10 млн теңгеден астам. ҚТГА газ беру шүмегіне пломба салып тастаған соң, қазандықтар тұрып қалды.

– Осы үйлерде кілең борышкерлер тұра ма?

– Тұрғындардың бір бөлігі, 30 пайыздайы тұрақты төлемейді, біз олармен соттасып жатырмыз.

– Жылу маусымы жақындап қалды ғой.

– Біз ҚТГА-мен келіссөздер жүргізіп, төлеуге міндеттелетіндігіміз туралы кепілхаттар әзірлеудеміз.

Бұл тұтынушылардың қарыздарын төлеттірудің ескі әдісі. Мұны кезінде  энергішілер де, жылу берушілер де, су дайындау кәсіпорны да қолданып, бұл әдістен бас тартқандарына көп болған еді. Олар бүгінде жұртшылықтың және БАҚ-тың қысымымен анағұрлым өркениетті шараларға көшкен болатын. Газшілер «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға сілтеп отыр. Осы заңның 17-бабының 9-тармағының 5-тармақшасына сәйкес, тауарлық газын бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес жеткізіліп берілген тауарлық газ үшін дебиторлық бережақ болған жағдайларда газ тарату ұйымы бұзушылықтар жойылғанға дейін тұтынушыға тауарлық газ беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқылы.

– Біз осы үйлерге газ беруді 2-10 шілде аралығында тоқтатқан едік. Сол кезде басқарушы компания қарыздарды тамызға дейін өтеуге уәде етіп кепілхат ұсынған болатын, бірақ олар әлі күнге дейін өтелген жоқ, - деп түсіндірді осы шараға оралу себебін ҚТГА жалпы бөлімінің бастығы Шынарбек ҚАЛИЕВ. Бүгінде бережақ 4,696 млн теңгеден асып кетті. Біз заң шеңберінде әрекет етеміз.

Ахуал мәз емес: бұл жағдайда жылу мен су жылыту қызметтерін үй тұрғындары ЖШС-дан алады, яғни, олар өздерімен емес, басқарушы компаниямен тікелей келісімшарты бар ҚТГА-ның қосалқы тұтынушылары боп табылады.

Адвокат Әбілғазы НАҒИЕВ:

– Бұл әрекеттер қалай болғанда да заңсыз. Түсіндірейін: АК-тің 490-бабына сәйкес, энергетикалық қондырғылардың мемлекеттiк энергетикалық қадағалау органы куәландырған қанағаттанғысыз жай-күйi қауiпсiздiкке қатер төндiретiн жағдайды қоспағанда, энергияны үзiлiспен беруге тараптардың келiсiмi бойынша жол берiледi. Энергиямен жабдықтаушы ұйым абонентке энергияны тоқтату туралы алдын ала ескертуге тиiс. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланушы тұтас тұрғын кешен емес, азамат абонент болған жағдайларда, қызметтен біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда іс жүзінде қосалқы абоненттерге қызмет көрсететін ЖШС басқарушылары бірден бүкіл тұтынушыларды емес, жекелеген абоненттерді, нақты борышкерлерді су жылытудан ажырата алар еді. Оның мұндай заңды өкілеттігі бар.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Бет қатталып жатқанда: «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директоры Асылбек Мүліков 11 қыркүйек күні кешкісін телефон арқылы ҚТГА-мен кезекті келісім жасалып, газ берушілердің пломбаланған қазандықтарға газ бергенін хабарлады.

12 қыркүйек 2013, 12:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.