Атырау, 5 желтоқсан 07:51
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Бразилияның экс-президенті 27 жылға сотталды

405 рет қаралды

Бразилия Жоғарғы соты елдің бұрынғы президенті Жаир Болсонаруға 27 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол 2022 жылғы сайлауда жеңілгеннен кейін демократиялық тәртіпті құлатуға бағытталған төңкеріс жоспарын ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды АА.

Соттың бірінші палатасында бес судьяның төртеуі айыптау үкімін қолдады. Болсонаруға «демократиялық құқықтық тәртіпті күшпен құлатуға әрекет жасау, төңкеріс ұйымдастыруға талпыну, қарулы қылмыстық ұйымға қатысу және мемлекет мүлкіне зиян келтіру» баптары бойынша айып тағылды.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, экс-президентпен бірге тағы жеті айыпталушыға 2 жылдан 26 жылға дейінгі мерзімдер берілді.

Бразилия баспасөзі бұл шешімді тарихи деп атап өтті. Ел тарихында бұрын-соңды бірде-бір президент демократиялық институттарға қарсы қылмысы үшін мұндай жауапкершілікке тартылмаған.

Жоғарғы соттың бірінші палатасының төрағасы Криштиану Занин: «Дәлелдер айыпталушылардың демократиялық құқықтық мемлекетті күйретуді көздегенін көрсетті. Прокуратура Болсонарудың билігін кез келген жолмен сақтап қалуға тырысқан ұйымдасқан топтың бар екенін дәлелдеді», – деді.

Жергілікті ақпарат құралдарына сәйкес, Болсонару жазасын үйқамақта, астанадағы қатаң режимді түрменің арнайы камерасында немесе әскери нысандардың бірінде өтеуі мүмкін.

Еске салсақ, 2022 жылғы 30 қазанда өткен президенттік сайлаудың екінші турында солшыл кандидат Луис Инасиу Лула да Силва жеңіске жеткен болатын. Ол 2023 жылғы 1 қаңтарда мемлекет басшысы ретінде ресми түрде қызметіне кірісті.

Сайлау нәтижелері жарияланған соң Болсонару жақтастары жолдарды жауып, жаппай наразылыққа шықты. 2023 жылғы 8 қаңтарда олар полиция шебін бұзып өтіп, Ұлттық конгресс ғимаратын басып алған еді.

2024 жылғы 26 қарашада Федералды полиция Болсонаруға Лула үкіметіне қарсы қастандық ұйымдастыруға қатысы бар деген айып тақты. Ал 2025 жылғы 26 наурызда Жоғарғы сот оған және тағы жеті адамға қатысты айыптау қорытындысын бірауыздан мақұлдады.

12 қыркүйек, 16:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.