
«Ақ Жайық» тілшісі қоғамдық кеңес мүшелерімен және депутаттармен бірге спортзалының шатыры құлаған мектептің құрылыс алаңына барып қайтты.
- Біз өткен жылы да келдік осы мектептің жай-күйін білуге. Бірақ құрылыс басына ешкімді кіргізбеді. Одан кейін мынандай жағдай болып тұр. Жалпы бұл құрылыста дұрыс маман жоқ,-деді аудандағы қоғамдық кеңес мүшесі Бақытгүл ӨТЕГЕНОВА.
Оның сөзін аудандық мәслихаттың депутаты Бекет ҚҰЛБАЕВ та растады. Журналистің айтуынша, белсенділер де, депутат та құрылыс басына кіре алмаған. Ғимараттың сыртқы бөлігінде терезенің қисайып құлап тұрғаны кадрге ілікті.

Еске салсақ, жалпы ауданы 13 мың шаршы метредн асатын мектеп құрылысы 2023 жылдың көктемінде басталып, 2024 жылдың төртінші тоқсанында аяқталуы тиіс болатын. Жобаның тапсырыс берушісі – АО «Samruk-Kazyna Construction», мердігері – ТОО «Turan Ascent», ол «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жұмыс істейді. Нысан Атырау облысы құрылыс басқармасының қадағалауында.
Оқиға орын алғаннан кейін нысанда техникалық тексеру жүргізілуде. Дегенмен, билік мектепті уақытында салып бітіреміз деп сендіріп отыр.
- Құрылыс жұмысы аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Өйткені қалада мектепке сұраныс бар,-дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Аманжол АЙДАШЕВ.
Алайда тұрғындар биліктің уәдесіне күмәнмен қарайды. Шенеуніктер «қажет» екенін айтады, ал тұрғындар мектептің жарықшақтанып, кей жерлердің құлап қалғанын көріп отыр. «Ертең бұл мектеп балалар оқып жүрген кезде құлап қалмай ма?» деген сауал қояды.
Белгілі болғандай, спортзал шатырының құлауына байланысты МСҚБ, авторлық және техникалық қадағалау, сондай-ақ Samruk Construction компаниясы өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылды. Нысан жан-жақты тексеріліп, қажетті шаралар алынатын болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау +2