
13 наурыздан бастап Қазақстанда ұшақтың рейсіне шамадан тыс көп билет сатылғаны үшін сізді ұшаққа отырғызудан бас тартса, тасымалдаушыға айыппұл салынуы мүмкін. Бұл ереже халықаралық және ішкі рейстерге де қатысты. Айыппұл көлемі - ӘҚБтК-нің 571-бабы бойынша 50 АЕК (2025 жылы 196 600 тг); орындар санынан артық билеттерді сатуға тікелей тыйым салынған, деп хабарлайды Тенгриньюс.
Егер жолаушы билеті болғанына қарамастан рейске отырғызылмаса, билеттің қолданылу мерзімі әуекомпанияның бос орын бар ең жақын рейсіне дейін ұзартылуы тиіс. Отырғызудан бас тарту дерегі әуекомпания мен әуежайдың ресми құжаттарымен расталады. Дәлел ретінде әуекомпанияның отырғызудан бас тарту туралы актісі, отырғызуға жіберілген және жіберілмеген жолаушылардың тізімдері, тіркеу жүйесі мен отырғызу парақтарының деректері болуы мүмкін. Сондай-ақ жолаушылардың жазбаша өтініштері, куәгерлердің айғақтары және әуежай деректері ескеріледі.
Шағымдану жолы:
- Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне;
- Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне, соның ішінде E-otinish порталы арқылы.
Өтінішті қарау мерзімі – ол түскен күннен бастап 15 жұмыс күні.
Шағымды жазбаша немесе электронды түрде беруге болады. Оған билет, отырғызу талондары, әуекомпания хаты және құқықбұзушылықты растайтын басқа да құжаттарды қоса беру ұсынылады.
Бұл ереже күшіне енгеннен кейін ішкі рейстерде жолаушыны отырғызудан бас тарту жағдайлары тіркелген жоқ, бірақ тексеру жалғасып жатыр: жыл басынан бері жолаушылардың өтініші бойынша 22 жоспардан тыс бақылау жұмысы жүргізілді.
В Атырау +2