- Бұл өте нәзік аспап. Оның өз жандүниесі, өз мінезі бар... – деді қарт шебер. Қолын алжапқышына сүрткен ол асқан сақтықпен қаптамасынан домбырасын шығарды. Қос ішекке сүйікті қызының шашын сипағандай әлсіз қол тигізіп, дыбыс шығарды. – Даусын естіп тұрсың ба? Жан тебірентпей ме? Сезіп тұрсың ба?
ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ
АМУ-дің студенттер жатақханасы дәлізінің шетінде орналасқан шағын бөлменің қабырғалары осындай барлық шеберханаларға тән ағаш, желім және сыр иісін бойына мәңгіге сіңірген шығар. Мұнда аспап жасауға арналған сызба үлгілер, ағаш діңгектер, сүргілер, бұйдаланып жатқан аттың қылы өз уақыттарын күтіп жатыр.
...Талдырмаш денелі, қайыс қолдарындағы күре тамырлары бадырайып көрініп тұр, тіпті, толассыз соққан жүрек қағысын да көруге болады. Саусақтары ұзын, икемді, мықты. Ал алақаны бұйым бетіндегі әр болмашы бұдырды сезердей нәзік, сезімтал. Бұл - нағыз шебердің қолы.
...Лас сіңген алжапқышы, ағаш шаңы басқан жеңіл сүйретпесі, әрине, шынтақтығы бар... Суретші бейнесін қызық түйме қадалған басындағы береткасы толықтырып тұр. Міне, домбыра шебері Арыстанбек МОЛДАШЕВ - осындай адам.
Мен шебердің бітіміне көз жүгіртіп тұрғанымда, ол домбыра қорабынан бір кемшілік тауып, бір құрал-сайманын көзімен іздей бастады. Менің бақылап тұрғанымды көрген ол ойлаған ісін кейінге шегеріп қойды.
- Аспап жасауда әр бөлшегінің дәлдігі өте маңызды, - деп сөз бастады шебер. – Сәл бұрып кетсең болды, дыбысталуы бұзылып шыға келеді. Кейбір маңызды өлшемдерді сынақтар мен қателіктер арқылы өзім тауып алдым. Мақтанғандай болсам да айтайын, менің музыкалық, дизайнерлік, тіпті ұсталық білімім жоқ, барлығы тумысымнан, құдай берген талант.
Алайда, ең бастысы – домбыраның ерекше аспап екенін түсіне білу керек. Оны сапасыз жасағаннан мүлдем жасамаған абзал. Мен өз шеберлігімді көптеген жылдар бойы шыңдап келемін және барлық жасаған бұйымыма нағыз қазақ домбырасына тән барлық жақсы сипаттарын салуға тырысамын. Бәрі қалай басталды дейсіз бе? Әрине, балалық шағымнан басталды! Ауылда ойын қуған біздерге ешкім домбыра ойнауды үйретпеді. Біз ата-бабаларымыздың бұл аспапты қалай құрметтейтінін көріп өстік, сондықтан да оның күмбірлеген күміс даусына құлағымыз түрік жүретін. Домбыра қалай дыбысталуы керектігін құлағымызға құйдық. Оның сазы менің өміріммен сабақтасып жатыр, сол тал бесікте жатқан кезімде естіген алғашқы әуендерім мұнда сақталған (ол сұқ саусағымен басын ұрғылады). Ешқандай нота да, гамма да, қатал оқытушы да жоқ... Мен өздігімнен жүруді, өздігімнен қасық ұстауды қалай үйренсем, домбыра тартуды да солай үйрендім.
Домбыраға деген сүйіспеншілік қазақтың қанында бар. Ол қуанышты да, құштарлықты да, қайғыны да, жалғыздықты да...махаббатты да, бақытты да суреттей алады. Шебер орындаушының қолындағы домбыра әуенінен алғашқы жауынның нәзік, дүлей желдің қаһарлы даусын, самал желдің сыбдырын, судың сылдырын, сар далада таңда оянған құстардың әнін, жылқы үйірінің кісінеуін естимін. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра.
СОЛДАТ ПЕН ЖУКОВ
Арыстанбек аға Новобогат (қазіргі Исатай) ауданында Молдаш шаруаның отбасында дүниеге келген. Молдаш туралы ауыл қарттары «бұл баланың қолы алтын, бәрін істей алады»дейтін.Шынында да көршілері оған сандықтарын жөндетуге, бесік жасатуға, үй жиһаздарын кері құрастыруға жиі келетін. Молдаш барлық іске құлшыныспен, жанын сала кірісетін, сондықтан да оның қолы тиген бұйымдар нағыз өнер туындысына айналатын.
- Әкемнен осы ісмерлікті үйренсем, анам Күлсін арқылы әуенге деген құштарлық дарыды. Ал жалпы, мен жастайымнан суретші болуды армандағам.
Арыстанбек 15 жасқа толғанда ол тұратын Амангелді колхозының (қазіргі Забурын) тұрғындарын Гурьевке көшірді. Ол жерде Ленин атындағы балық консерві зауытына жұмыс қолы керек еді. Отбасы қалаға қоныстанып, жас бозбала бухгалтер курсына түсті. Бұл бала аңсаған мамандық емес еді, алайда ата-анасына көмектесу үшін осыны таңдауға мәжбүр болды.
Жұмыс, содан кейін Приморск өлкесіндегі Сучан қаласында әскери қызметін өткерді. Алдымен Арыстанбек әскери жолдастарының суреттерін салудан бастады. Талантты суретші туралы әңгіме офицерлерге де жеткеннен соң, олардың да суретін салды. Сондай-ақ ұрандар жазып, қабырға газеттерін шығарды. Бұл жерде дизайнерлік қабілеті ашылып, ол мерекелік шараларды ұйымдастырып, әшекейледі.
- Есімде, сол кездегі КСРО қорғаныс министрі Георгий Жуковтың үш метрлік портретін жарты жыл салдым, - дейді шебер. – Жуков бөлімнің ең құрметті жерінде үш ай ілініп тұрды. Оны осы лауазымнан түсіргеннен кейін, суретті де алып тастады. Мен өкініштен ызаланып, жыларман болдым: осы суретті саламын деп қаншама күш пен шыдамдылық кетті, енді міне, қоймада жатыр...
Әскери қызмет мерзімім де аяқталды, маған полктың әрлеуші-суретші лауазымына жұмысқа қалуды ұсынды. Жақсы-ақ жұмыс. Алайда қалай қалайын? Мені әке-шешем, туған жер – тал бесігім күтіп отырғанда...
Балық консерві зауытының кіші есепшісі лауазымы да күтіп тұрған. Ол сол жерде де өзін көрсете білді, кіріс-шығыстардан бос уақыттарында көркем шығармашылықпен шұғылданды. Балық комбинатының ансамблінің атағы аудандық партия комитеті хатшысына да жетті. «Сіздің талантыңыз бар дейді ғой...Екі айға Алматыға барып келіңіз, курстан өтіп, бізге қоюшы режиссер болып ораласыз»,- деді оған.
Осыдан кейін тасы өрге домалады. Мәдениет бөлімінде аға инспектор, содан кейін тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының директоры болып қызмет атқарды. Ол осы жерде музыкалық аспаптар өндірісі бойынша цех ашуға бастамашы болды. Балықшы кентіндегі балықшылар клубының директорына дейін өсті. Осы мәдениет үйінде сол кезде аты әйгілі болған көркемөнерпаздар ұжымы құрылды. Бұл ұжым Арыстанбектің басқаруымен тек Қазақ ССР-інде ғана емес, Мәскеуде, шетелде өткен байқаулардың жеңімпазы болды. Ол облыстық драма театр директорының орнында отырды.
Ізденімпаз Арыстанбек жыл өткен сайын жаңа кәсіптерді игерді – темір құюды үйренді, зергерлік бұйымдарды дайындау құпияларын меңгерді, ағаштан ескерткіш сыйлықтар мен тұрмыстық заттар қашап жасады. Астана қаласында жеңіп алған «Халық өнерінің барлық түрлерін меңгерген әмбебап дарын иесі» атағы осылардың айғағы. Зейнеткерлік жасқа шыққаннан кейін ғана өнерге бел шеше кірісті.
- Музыкалық аспаптар дайындау мен үшін қашан да маңызды болды. Мына қобызға қараңыз, мұның ішегін ат қылынан жасадым. Мына аспаптар да дайын, - дейді ол қарапайым шкафқа өң беріп тұрған түрлі бұйымдарын, қабырғада ілініп тұрған жылтыр, әдемі, қаптамалы, қаптамасыз аспаптарын көрсетіп тұрып – шағын оркестрге арналған кешен іспеттес. – Қазір тенор домбырамен жұмыс жасап жатырмын... Әдемі дүние болады деп ойлаймын.
Әңгімесін айтып тұрып, шебер өзі дайындаған бұйымдарын сипап қойды. Осы қол тигізуден оны көзі жайраң қағып, мейірімге толды.
- Әр аспап өзгелерінен өз дыбысталу күші мен «әдемілігі» арқылы ажыратылады. Жақсы домбыра жасау оңай емес, бұған шебердің қолы ғана емес, жақсы материалдардың болуы да маңызды. Мұның әр тетігін жасауда ыждағаттылық керек, өйткені аспаптың әр тетігі дыбыс шығаруда маңызды рөл ойнайды. Сабырлы да аңғарымпаз болу өте маңызды. Өз шәкірттерімді ең бірінші осыған үйретемін.
ӨМІР СҮРУ АЛҚАПТАН ӨТУ ЕМЕС
Арыстанбек аға домбыра жасауға қара емен мен бүк ағашын таңдайды. Кейбір тетіктер үшін қарағай мен ақ қайыңды пайдаланады. Материалдарды Ресейден, шетелден тапсырыспен алдырады.
- Емен - өңдеуі қиын материал, алайда еңбекке тұрады. Одан тек дыбысты және әдемі ғана емес, ұзақ уақытқа шыдайтын мықты аспап шығады. Оны бірнеше ұрпаққа дейін жеткізуге болады. Нағыз домбыра ғасырларға кетуі керек, басқаша мүмкін емес. Сондықтан да оны жасауға үлкен күш пен уақыт керек.
Есімде, Махамбеттің 200 жылдығы тойланғанда облыс әкімі маған халық батырының суреті бар 20 домбыра жасауға тапсырыс берді. Мен бұл жұмысқа бар жанымды салдым. Барлық домбыралар келген қонақтарға үлестірілді. Жалпы, менің отыздан аса домбырам ел сыртында жүр, - деп қолындағы домбырасының қорабын әр миллиметріне дейін сипап шықты:
- Менің жасым 78-де. Бір қараған адамға менің өмірім жеңіл көрінетін шығар, бірақ олай емес. Қайғы да, қасірет те, жоғалтулар да болды, бірақ ол туралы айтқым келмейді. Есіме алсам, қан қысымым көтеріледі, асқазаным ауырады. Керек емес. Жамандықтардың бәрін өзіңнен қуып, жақсылық туралы ойлау керек, армандап, талпынып, қол жеткізу қажет.
- Бір саз орындап беріңізші...
Басын шұлғыған шебер домбыраны қолға алды да, өзгере кетті. Жақтары сүйірленіп, көздері от шашып, арқасын кеңге жайды. Қарт домбыра шегін жебе тартқандай шертіп қалды, күмбірлеген күй төгіле жөнелді.
Әй, бәрекелді!
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор