– Жақында «АтырауЭнергоСату» ЖШС бақылаушылары бізге есептегішіміздің жарамсыз екенін, дискінің жәй жүретіндігі байқалатынын айтты. Толтырылған актіге олар есептегіш аспаптың, атап айтқанда СОИБМЗ-2003 аспабының бекітілген мемлекеттік өлшем құралдарының тізіліміне енгізілмегенін жазып, бізді 10 күн ішінде ауыстыруға міндеттеді. Есептегіш аспаптың көп жыл жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, енді аяқ астынан оның мемлекеттік тізілімге енбей қалғаны анықталғаны қалай? Ендеше ол қалай орнатылған және бақылаушылар оны қалай есепке алған? Олардың салған пломбалары нені білдіреді? Бақылаушылардың есептегіш аспабына көзбен «диагноз» қоюы қаншалықты жиі жасалады? Аспап арнайы зертханада зерттелуі тиіс емес пе еді? Егер оны ауыстырған жағдайда жаңа есептеу аспабын орнату кімнің есебінен жүргізілуі тиіс? 2012 жылдың аяғында «Атырау-Жарық» АҚ көпфункциялы «АСПАН Қазақстан DDZ1513» есептегішін орнату керектігі туралы мәлімдеді. 2014 жылға қарай абоненттердің 90 пайызын жаңа есептегіштермен қамту монополистің жоспарында болды. Ендеше, егер бұл есептегіш таяу уақытта бәрібір ауыстырылатын болса, қазір абоненттің есебінен жаңа есептеу аспабын орнатуды талап етудің қандай қажеті бар?
Телефон арқылы
Сұраққа «Атырау Жарық» АҚ президенті Айбар РАХМАНОВ жауап берді:
–ҚР заңнамасын сақтау мақсатында қызметкерлер тұтынушыларда орнатылған электр есептегіштерінің барлық түріне мониторинг жүргізді. Мемлекеттік тізілімге енгізілмеген есептегіштер анықталған жағдайда тұтынушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Есептегіштер орнатылған жерде тексеру барысында бақылаушылар пломбаның, цокольдің және қаптамасының тұтастығын, есептеу механизмінің жұмысы мен индукциялық есептегіш дискісінің айналым барысын визуалды тексереді. Есептегіш механизмінің жұмысында ауытқулар анықталған жағдайда тұтынушыға анықталған ақаулар туралы түсіндіріліп, есептеу аспабы түсіріліп алынады да, тексеру зертханасына сараптама жүргізуге ұйғарым беріледі. «АЖ»-ға хабарласқан біздің абонентімізге қатысты, оның есептегіші мемлекеттік тізілімге енгізілмегенін, оның сараптама жасауға және әрі қарай пайдалану үшін жөндеу жүргізуге жатқызылмайтынын айтуға болады. Осыған байланысты абонентке есептегішті ауыстыруға ұйғарым берілген.
ҚР Азаматтық кодексінің 483-бабының 1-тармағына сәйкес, энергиямен жабдықтау шарты абонентпен онда энергиямен жабдықтаушы ұйымның желілеріне жалғанған қажеттi жабдық болған жағдайда жасалады. «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР Заңының 7-бабының 9-тармағына сәйкес, табиғи монополия субъектiсiтұтынушылармен жасалған шарттарға сәйкес реттелiп көрсетiлетiн коммуналдық қызметтердi есептеу аспаптарын сатып алуға және оларды тұтынушыларға орнатуға міндетті. Мұнда өз кезегінде тұтынушы энергиямен қамту келісімшарты бойынша энергия тарифтері арқылы энергия таратушы мекеменің сатып алынған және орнатылған есептегіш аспабы үшін шығындарды өтейді.
Алайда, «АтырауЖарық» АҚ өкілетті орган бекіткен тарифте бұл шығындардың қарастырылмауына байланысты, есептеу құралдарын орнатудың мұндай механизмдерін қолданбайды.
Көп функциялы «АСПАН Қазақстан DDZ1513» электр есептегіштерін орнатуға келер болсақ, Атырау облыстық ТМРАД жасақтаған және бекіткен 2013-2015 жылдардың инвестициялық бағдарламасына сәйкес, тұрмыстық деңгейде электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтанған жүйесін енгізу шеңберінде «АтырауЖарық» АҚ жыл сайын тұрғындар үшін 3 000 есептеу құралын орнатуы тиіс. Жаңа есептеу құралын орнату трансформаторлық қосалқы стансаларға жалғанған тұрғын секторлар бойынша кезеңмен жүргізіледі. Атырау қаласы бойынша жалпы саны 79 мыңдай болатын бүкіл тұрмыстық абоненттерді 2014 жылы толықтай қамту мүмкін болмайды.