Атырау, 28 желтоқсан 23:13
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Несие шырғалаңы

2 441 просмотра

– 2007 жылы банктердің бірінен 2024 жылға дейінгі мерзімге жер телімі бар тұрғын үй сатып алу үшін 7 млн теңге несие алғанмын. Банкке кепілзат ретінде алып жатқан жер телімі бар тұрғын үйді салдық. Бастапқы кезде несиені кесте бойынша уақытында төлеп тұрдым. Бірақ содан кейін декреттік демалысқа шығуыма және күйеуімнің науқасына байланысты несиені уақытында төлей алмадым. Уақытында төлей алмау себебім туралы банкке жазбаша түрде хабардар еткен едім. Жақында банктің мені сотқа бергендігі туралы хабарлама келді. Заемның қалған бөлігін, сыйақы мен өсімдерді мерзімінен бұрын өтеу туралы талап арыз беріпті. Біздің бірден бір баспанамыз боп табылатын кепілзатпен қамтамасыз етілген бүкіл бережақты (негізгі қарызды, пайыздар мен өсімдерді) өтеуді банк талап етуге құқылы ма? Бұдан басқа, ұзақ уақытқа жасалған несиелік келісімшарттың мерзімі талап арыз берген уақытта өткен жоқ. Бұлардан басқа, банк өзінің талап арызында кепілзат мүлігінен ақшалай өндіріп алу мәселесін қойған. Бұл жағдайда не істеуіміз керек?

Телефон арқылы

Сұраққа адвокат Бибігүл ТАУПИХОВА жауап берді:

– ҚР Азаматтық кодексінің 272-ші және 722-ші баптарына сәйкес, егер несие алушы дәлелді себепсіз міндеттемені орындағысы келмеген жағдайда ғана заем нысанасының қалған бөлігін уақытынан бұрын мерзімді өндіріп алу мүмкін болады. Егер дәлелді себептер болса және егер несие алушы келісімшартының әрекет ету мерзімінің шегінде міндеттемені орындаудан бас тартпаса, заем нысанасының бүкіл қалған бөлігін мерзімінен бұрын өндіруді болғызбайтын басқа құқықтық салдарға әкеледі. Азаматтық кодекстің 722-бабына сәйкес, заем нысанасының қалған барлық бөлігін мерзімінен бұрын өтеу кезінде тек негізгі қарызды және заем нысанасын пайдалану мерзімі үшін сыйақыны өтеуге рұқсат етіледі.

АК 722-бабының 3-тармағында, егер шартта заемды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе, заемшы заем нысанасының кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушi заем нысанасының қалған барлық бөлiгiн тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы. Осылайша, өсімді өндіріп алу қарастырылмаған.

АК-тің 321-бабының 1-тармағының нормаларымен кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен тыс бұрын орындауды талап еткен жағдайлар белгіленген. Кепіл беруші кепілзат туралы келісім шарттарын орындамаған осы жағдайлар кепілзатпен қамтамасыз етілген банктің (кепіл алушының) құқығына шек қояды. Бұл жағдайларда банк кепілзатпен қамтылған міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап етуге құқылы. Банктің мұндай мүмкіндігі АК-тің 321-бабына сәйкес мына жағдайларда туындайды:

1) егер кепiл туралы шарттың ережелерiне сәйкестендiрiлмей кепiлге салынған нәрсе қалдырылған кепiл берушiнiң иелiгiнен шығып кетсе;

2) кепiл берушi кепiлге салынған нәрсенi ауыстыру туралы ережелердi бұзған;

3) кепiл ұстаушы жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша кепiлге берiлген нәрсе жоғалған жағдайда;

4) кепіл берушіде өзге мүлік болмаған кезде кепіл ұстаушы талабының алдында басымдыққа ие болмайтын үшінші бір тұлғалар алдындағы атқарушылық құжаттар бойынша кепіл берушінің міндеттемелерін орындау мақсатында кепілге салынған нәрседен ақы өндіріп алуды талап етуге құқылы.

Осылайша, АК 321-бабының 1-тармағында көрсетілген жағдайлардың ең болмаса бірінің болуы банкке алдымен кепілзатпен қамтылған негізгі міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап етуге құқылы. Егер осы талаптар қанағаттандырылмаса, оны кепілзаттан өндіріп алу құқығы туындайды.

Өз тарапынан оқырман банктің талап арызына жауап дайындауы және ҚР АК-нің 321-бабына сәйкес кепілзатпен қамтылған міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау жөніндегі банк талабы негізсіз және тиісінше кепілге салынған мүліктен өндіріп алуға негіз жоқ екенін көрсетуі тиіс.

12 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.