
Сот отырысында Перизат Қайрат BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қорының бұрынғы «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кезінде құрылғанын айтқан болатын. Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігінен Б.Байбектің немесе басқа тұлғалардың қайырымдылық қаражатын жымқыруға қатысы бар-жоғы сұралды, деп хабарлайды Nege.kz
Агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов тергеу барысында басқа адамдардың қатысы бары анықталмағанын мәлімдеді.
«Біз ең алдымен түпкілікті пайда алушыға сүйендік. Яғни қорға түскен қаржының соңғы иесі кім болды, сол қаралды. Бұған дейін біз жылжымайтын мүлік нысандарына қатысты айтқанбыз: жеке үй, төрт пәтер, көлік. Мұның бәрі осы ақшаға Перизат пен оның анасы тарапынан сатып алынған. Қылмыстық іс аясында бұл қаржыны иемденуге байланысты өзге тұлғалар анықталған жоқ», – деді Елемесов.
Ашық дереккөздің мәліметі бойынша Бауыржан Байбек саясаттан кеткен соң шетелге қоныс аударған. Соңғы бір жарым жылдан бері ол Жапониядан онлайн жұмыс істеп жүр.
В Атырау +2